Жарыстың 15-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингіде 253-орындағы америкалық Джеффри-Джон Вулфпен өткізді.
Бірінші сетте алдымен Вулф 2:0 есебімен алға шыққанымен, Бублик таразы басын теңестірді. Есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, сосын өз геймін алды — 6:4.
Екінші партияны Бублик брейкпен бастағанымен, Вулф ұзатпады — 2:2. Дегенмен бұдан кейін Александр қарсыласын тықсыра білді — 6:2.
Үшінші сетте америкалық теннисші 4:1 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды — 6:3.
Төртінші партияда қазақстандық спортшы дес берген жоқ — 6:1.
Екі сағат 12 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 18 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың жетеуінде мүлт кеткен жоқ. Вулф 4 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
А.Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 67-ракеткасы, франциялық Адриан Маннарино немесе рейтингіде 42-сатыдағы аргентиналық Тьяго Агустин Тирантенің қай жеңгенімен таласады.
Өткен жылы АҚШ ашық чемпионатында А.Бублик төртінші айналымға дейін жетіп, онда әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнерге 1:6, 1:6, 1:6 есебімен есе жіберген еді. Биыл Я.Синнер аталмыш «Үлкен дулыға» турниріне қатыспайды.
Әйелдер арасында Қазақстаннан жекелей сыннан бақ сынайтын Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның бәсекелері 1 қыркүйекке белгіленген. Е.Рыбакина 17 жастағы америкалық Тея Фродинмен, Ю.Путинцева швейцариялық Белинда Бенчичпен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Александр Шевченконың бес сеттік матчта жеңіліп қалғанын жазған едік.