АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Томми Полға қарсы келді.
Бірінші партияда тай-брейкте Бублик шеберлік танытты.
Екііншісінде Пол есе қайырды — 7:6 (7:4).
Үшінші сетте қазақстандық теннисші брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды — 6:3.
Төртінші сетте тай-брейкте Т.Пол табандылық көрсетті — 7:6 (7:5).
Бесінші, шешуші партияда Бублик бет қаратпады — 6:1.
Үш сағат 37 минутқа созылған тартысты бәсекеде Бублик 22 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін құр жібермеді. 10 эйс жасаған Пол 6 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Анна Данилинаның жұптық сында екінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Рыбакина барлық «Үлкен дулыға» турнирінде қазақстандықтар арасында үздік нәтижеге қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).