US Open: Елена Рыбакина Ролан Гарроста кеткен есені қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымына шықты.

Фото: ҰОК

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 58-ракеткасы, украиналық Юлия Стародубцевамен бетпе-бет келді.

Биыл Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымында Е.Рыбакина Ю.Стародубцеваға 6:3, 1:6, 6:7 (4:10) есебімен жол берген болатын.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Стародубцева брейк жасап кетті.

егенмен Рыбакина оның сетті аяқтауына мұрша бермеді — 5:5. Сосын тай-брейкте таразы басын аудара алды — 7:6 (8:6).

Екінші сетте Елена бірден 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді — 6:3.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде Елена 12 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Стародубцева 1 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, жапониялық, «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін чемпионы Наоми Осакамен таласады. Ол үшінші айналымда рейтингіде 20-орындағы бельгиялық Элизе Мертенсті қапы қалдырды — 6:3, 3:6, 7:5.
Елена Рыбакинаға әлемнің 1-ракеткасы атану үшін алдағы екі матчта жеңсе, жетіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында екінші айналымға өтті.

Александр Бублик төртінші айналымнан тыс қалды.