Ұстаз жүктемесі: Білім саласында 70-тен астам цифрлық жүйе қолданылып келген

АСТАНА. KAZINFORM – Білім беру саласындағы 70-тен астам цифрлық жүйе біріздендіріліп, Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграцияланады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында педагог жүктемесі қалай жеңілдейтінін түсіндірді.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру саласындағы цифрлық жүйелердің тиімділігіне бағалау жүргізген. Мұндағы мақсат – қайталанатын функцияларды анықтау, деректер алмасуды жолға қою және шығындарды оңтайландыру.

– Бағалау нәтижесінде электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізуге, оқушылардың білімін бағалауға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге және білім алушылардың есебін жүргізуге арналған 70-тен астам цифрлық жүйе мен сервис қолданылатыны анықталған. Бір өңірде орта есеппен 10-ға жуық жүйе бар, – деп атап өтті Ж. Сүлейменова.

Осыған байланысты министрлік бірыңғай цифрлық архитектура қалыптастырып жатыр.
Бір мәліметтерді бірнеше рет енгізу қажеттігін болдырмау үшін қолданыстағы барлық LMS-жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау міндеттеледі.

– Электрондық журналдар, білім беру платформалары, сабаққа қатысуды, тамақтануды және кіруді бақылауды есепке алу жүйелері қажетті мәліметтерді Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау арқылы ақпарат қайталанбай алынады, – деп түсіндірді сала басшысы.

Оқу-ағарту министрлігі жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізуге, оның ішінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқартуға, сондай-ақ педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтуға бағытталған Ұлттық білім беру ЖИ платформасын құруда.

– Министрлік педагогтерге қысым көрсету, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты жағдайларды қарастырады. Әрбір өтінішті объективті әрі жан-жақты қарауға, мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге, сондай-ақ білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылады, – деді Ж. Сүлейменова.

Талдау нәтижелері бойынша тиісті нормативтік құқықтық актілер жетілдіріледі.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұстаздың білім беруіне кедергі келтіретін басы артық жұмыстарды доғару керегін айтқан еді.

Енді мұғалімдер жүргізуге міндетті құжаттар саны 25-тен 5-ке дейін қысқарады.