Утильалым қаражатынан қанша жоба іске асырылды?
— «Жасыл даму» Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыруға белсенді қатысып келеді. Пилоттық жобалар аясында мектептерде қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылды, сондай-ақ ұлттық парктерде контейнерлер, ақпараттық материалдар және фандоматтар қойылып, экологиялық инфрақұрылым құру жобалары қаржыландырылды. Бұл жобалар қоғам тарапынан оң қолдау тапқандықтан, жұмыстар енді бүкіл ел бойынша жалғасады. Еліміздің 15 өңіріндегі 775 мектепте экологиялық білім беру жобаларын, сондай-ақ 5 ұлттық паркте экологиялық мәдениетті дамыту жобаларын жүзеге асырылып жатыр, — деді Нұржан Дүйсебай.
Жалпы, кәдеге жарату қаражатының бағыты ҚР Экологиялық кодексімен реттелген.
Қазақстан Үкіметі бағдарламаны бастамашылық еткен күннен бастап кәдеге жарату бағыты бойынша барлығы 373,8 млрд теңге сомасына 61 жоба мәлімделді, оның ішінде осы уақытта 116,039 млрд теңге сомасына 30 жоба қаржыландырылды. Бұл ретте, 2024 жылы — 4 кәсіпорынға, 2025 жылы — 21 зауытқа, ал биыл жарты жылда 5 кәсіпорынға қаражат бөлінді. Олар негізінен қалдықтар жинау мен сұрыптау, өңдеу және кәдеге жаратуға арналған.
EcoQolday аясында қанша қалдық қайта өңделді?
Еске салсақ, Қазақстанда қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу үдерісін жеңілдетуге бағытталған EcoQolday мобильдік қосымшасы 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енгізілді.
— Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Жасыл даму» АҚ өзіне жүктелген міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қайта өңдеу саласын қолдаудың бір маңызды тетігі — EcoQolday мобильді қосымшасы. Қазіргі кезде осы жүйе аясында кәсіпорындармен 109 келісім жасалып, 162 мың тоннадан астам қалдық қайта өңделді. Қайта өңдеуші кәсіпорындарға 5,2 млрд теңге көлемінде төлем жасалды, яғни, біздің мақсатымыз — қалдықтарды жинаудан бастап, оларды сұрыптау, қайта өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру. Бұл, бір жағынан, полигондарға түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан, қалдықтарды қайтадан экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндік береді, — деді Н. Дүйсенбай.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 11 қыркүйектегі жағдай бойынша EcoQolday ақпараттық жүйесіне (АЖ) 179 компания өтінім берді. Оның ішінде: жинаушылар — 123; қайта өңдеушілер — 32; толық циклді кәсіпорындар — 24.
Сонымен қатар, EcoQolday аясында қайта өңдеуге жіберілген қалдықтардың жалпы көлемі 162,38 мың тоннаны құрады. Соның арасында:
— қағаз — 116,29 мың тонна;
— шыны — 33,99 мың тонна;
— шиналар — 10,21 мың тонна;
— пластик — 1,8 мың тонна;
— комбинацияланған материалдардан жасалған қалдықтар — 0,09 мың тонна.
Бұл ретте 2024 жылы — 11,07 мың тонна, 2025 жылы — 49,34 мың тонна, сондай-ақ 2026 жылдың қаңтар–тамыз аралығында 101,97 мың тонна қамтылды.
Осыған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатқанымызды айтқан еді.