Ұялы телефондарға қатысты тонау қылмыстары төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көшелердегі құқықтық тәртіпті күшейту нәтижесінде, сондай-ақ тонауға қарсы бірқатар жедел-алдын алу іс-шаралар жүргізу арқылы республика бойынша қарақшылық шабуыл саны 9,8 пайызға, тонау саны 10,4 пайызға саны қысқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, бұған көше жасақтарын көбейту, жедел басқару орталықтарын дамыту, бейнебақылау жүйесін енгізу, ведомстволық бақылауды күшейту және басқада жүзеге асырылған шаралар ықпал етті.

Ағымдағы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша тіркелген қарақшылық шабуыл фактілерінің саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 728 фактіден 657 фактіге дейін, ал тонау 10 422-ден 9 337 фактіге дейін төмендеді.

«Сонымен бірге ішкі істер органдарының осы қылмыстарды ашудағы көрсеткіштерінің жақсарғанын атап айтуға болады, оның ішінде қарақшылық фактісін ашу 6,9  пайызға, ал тонау қылмысын ашу 9,6  пайызға артты. Қарақшылық және тонау қасақана-күш қолдану қылмысына жатады, қылмыскерлердің мақсаты - өзгенің мүлкін иемдену. Негізінен қарақшылық және тонау ұялы телефондарға, ақшаға, аудио-бейне аппаратураларға, зергерлік бұйымдар мен өзге де мүліктерге қатысты жасалады»,-деп атап өтілген ҚР ІІМ хабарламасында.