Елордада «Серіктестік – тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу құралы» тақырыбында халықаралық форум өтті. Шараны ҚР Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы Фридрих Эберт қорымен бірлесіп ұйымдастырды.
Мәлім болғандай, әйел құқығын қорғау жөніндегі пилоттық жоба Астана, Алматы және Павлодар қалаларында іске асырыла бастайды.
«Тұрмыстағы зорлық-зомбылық әлемнің көптеген елдерінде сияқты біздің қоғамда да өзекті болып отыр. Жақын адамды ұрып-соғуға, азаптауға, тіпті өлтіруге дейін баруға не түрткі болатынын анықтамайынша, өкінішке қарай, заңнамалық та, ұйымдастырушылық та шаралар бұл мәселенің түйінін шеше алмайды. Мұндай қатыгездік неден туады? Әлеуметтік-тұрмыстық себептердің жиынтығынан бөлек, мұнда тереңде жатқан тәрбие және отбасылық құндылыққа қатысты отбасындағы атмосфера мәселесі де бар. Жас ұрпақтың психологиялық денсаулығын қамтамасыз ету – бұл бүтін ұлт денсаулығына әсер ететін стратегиялық маңызды фактор», – деп атап өтті ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, көптеген озық мемлекеттер неміс жүйесін қолданып жатыр.
«Неміс жүйесі көптеген озық елдерде қолданылады. «ODARA» құралы алдын алу жұмыстарына бағытталған. Отбасылық жанжалдар бүкіл әлемде бірдей сипатқа ие. Германияда да, бізде де кейбір әйелдер ажырасқысы келмейді, бірақ жұбайының немесе отбасы мүшесінің мінез-құлқын түзетуді қалайды. Бұл жүйе кімге профилактикалық әңгіменің жеткілікті екенін, кімге қатысты қатаң шаралар қабылдау керектігін анықтауға көмектеседі», – деді М.Ахметжанов.
«Егер бұл мәселемен тек полиция айналысатын болса, бұл тиімсіз болады. Бүгін бұл туралы бірнеше рет айтылды. Мен біздің тәжірибемізден растай аламын. Егер жақсы жетістікке жетуді қаласаңыздар, ведомствоаралық ынтымақтастық құру қажет. 90-шы жылдардың өзінде Германияда ведомствоаралық өзара іс-қимыл жолға қойылды, ол бүгінгі күнге дейін дамып келеді», – деді Ландау қаласының (Германия) полиция қызметінің бас комиссары Барбара Эмрих.
Айта кетейік, «ODARA» – бұл сауалнама. Оны Канаданың психикалық денсаулықты зерттеу орталығы әзірлеген. Сауалнамажақын қарым-қатынастағы адамдар арасындағы зорлық-зомбылық фактісін қарастырып жатқан полиция қызметкеріне зомбылықтың қайталану ықтималдығын бағалауға мүмкіндік береді. 13 сұрақтан тұратын сауалнама тиісті шешім шағыруға көмектеседі делінеді.
Фото: polisia.kz