Үйге құжат рәсімдеп беремін: ШҚО-да алаяқ өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Бесқарағай аудандық полиция бөліміне 29 жастағы азаматша жүгінген. Өз сөзінде ол 30-40 жас шамасындағы белгісіз әйелдің «үйге құжат ресімдеп беремін» деп алдап соққанын жеткізді.

«Алаяқ жәбірленушінің жеке құжаттарын суретке түсіріп алған. Кейін оның атына 597 мың теңге сомасында несие рәсімдеді. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары Семей қаласының 41 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Күдікті бұған дейін де бірнеше рет сотты болған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 1-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.