Үйретілген ит жоғалған адамды қалай іздеп табады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жоғалған адамды іздеу процесіне құтқару қызметімен қатар арнайы үйретілген ит те тартылады. Осы орайда үйретілген иттің жоғалған адамды қалай іздейтінін Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының құтқарушысы, кинолог Николай Попов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі «Қыс – 2021» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында үйретілген иттердің де дайындығы пысықталып жатыр. Бізге үйретілген иттің көмегімен жоғалған 2 балықшыны іздеп табу тапсырмасы берілді. Нақты бүгінгі оқу-жаттығу бойынша айтсам, иттің жұмысына көп кедергі болды. Себебі бұл жерде адам көп, тиісінше иіс те әртүрлі. Яғни ит шатасады. Дегенмен Мирта (үйретілген ит) тапсырманы орындап шықты, мен жақсы деген баға беремін. Бұл ит нақты далалық жерде жоғалған және апат кезінде ғимараттың астында қалған адамды іздеп, табуға үйретілген. Бұл неміс овчаркасы 4 жаста, аты - Мирта», - деді Николай Попов.

Оның айтуынша, иттер жоғалған адамды іздеуге күшік күнінен үйретіледі.

«Мысалы, далада адам жоғалды делік, оны іздегенде адамдар шөптің арасынан көрмей, білмей қалуы мүмкін. Ал иттің иіс сезу қабілеті жақсы дамыған, яғни адамды көрмей-ақ, иісі арқылы іздеп таба алады. Бұл жағдайда құтқарушының да біліктілігі арта түседі. Өйткені, иттің көмегімен адамның қандай төтенше жағдайға тап болғанын және оған шұғыл көмек көрсетуді үйрене түседі. Үйретілген иттің жоғалған адамды іздеп табу уақыты әртүрлі. Жағдайға байланысты кейде жарты сағаттың шамасында тапса, кейде бір күннің ішінде тауып жатады», - дейді ол.

Сондай-ақ, маман үйретілген иттермен дайындық тұрақты түрде өтіп тұратынын айтты.

Және бүгінде елорданың төтенше жағдай қызметінде 8 үйретілген ит бар.

Айта кетейік, бүгін және ертең Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай қызметінің қысқа дайындығы пысықталып жатыр.