Ұзақ жыл бойы баласына алимент төлемеген ақтөбелік пәтердегі өз үлесін берді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде баласына 5 млн теңге қарыз болып қалған әке пәтердегі өз үлесін берді. Ол 8 жыл бойы алимент төлемеген.

Фото: Freepik

Ақтөбе тұрғыны алмент төлемегені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылды. Алайда айыппұл салынғанымен, бережақ әке қарызын өтемеді. Жеке сот орындаушысы Г.Базарбаева автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы 37 жастағы ақтөбеліктің жылжымайтын мүлкі бар екенін анықтады. Тексере келе екі бөлмелі пәтерге мұрагер болғанын, оның тең жартысы өзіне тиесілі екенін анықтады. 

— Екі бөлмегі пәтердің екінші бөлігін иеленетін қарындасына пәтерді сатып алуға ұсыныс жасалды. Қазіргі кезде бағалау компаниясы пәтер құнын 12 млн теңге деп отыр. Сатуға шығарылғанымен, оны сатып алатын адам болмады. Сөйтіп бережақ әке өз үлесін баласына аударып беруге келісті. Сөйтіп алимент бережағы толық өтелді, — деді жеке сот орындаушысы Г.Базарбаева.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде апасы інісінің қарызын өтеп, бір бөлмелі пәтерін берген еді. Ол кезде қарыз мөлшері 3,8 млн теңге болды.