Ақтөбе облысы бойынша Сәуле Үкібаева, Талғат Әбен, Дәмежан Қыстаубаева, Рита Айтжанова Қазақстандағы үздік педагогтардың қатарына қосылды.
Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетовтың қолынан медаль алған Рита Айтжанова Алға қаласындағы мектепте тарих пәнінен сабақ береді және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
«№3Алға қалалық қазақ орта мектебінде білім алып, 10-11 сыныпты М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыдым. 1994 жылы мектепті бітірген соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білім алдым. 1998 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өзім оқыған №3 Алға қалалық қазақ орта мектебінде жұмыс істеймін. Еңбек өтілім – 23 жыл. Үздік педагог атану үшін іріктеуден өттім. Мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңдерге де әдістемелік құралдарымыз бен жазған дүниелеріміздің жинаған жолдадық. Пәндік олимпиадаға шәкірттерім қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл да мұғалім үшін жетістік», - деді Рита Айтжанова.
Бүгінгі мұғалім бала кезінде мұғалімге, сынып жетекшісіне еліктеп өсті. Тек дәріс беруі емес, бар болмысы ұнады, сөйтіп мамандығын таңдады.
«Мектепте де кейбір сыныпқа бірнеше пән тереңделітіліп оқытылды. Өзім тарих-географияны жан-жақты үйрететін топқа бардым. Сол кезде-ақ университеттің оқытушысынан дәріс алдық, өлкетану мұражайына барып, пәнге деген қызығушылығымыз арта түсті. Тарих факультетін таңдауыма осы себеп. Ал қазір балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлемін. Былтыр 6-11 тамыз аралығында Түркістанға оқушыларды апарып, олардың тарихты тануы үшін жаңа әдісті қолдандық. Барып, көрген баланың ойында бәрі сақталады. Замандастарына біз емес, өздері-ақ айтып, бәрін ұғындыра алады. Фото, видео материалымыз да жасалды. Мен бір кездері ұстазыма ұқсағым келіп, осы жолды таңдадым. Менің де дәл осындай шәкіртім бар. 2016 жылғы түгелегім Ақерке Совет облыстық олимпиадада жүлдегер болып, тарих саласында білім алып жүр», - деді ұстаз.
Рита Айтжанова 2001 жылы тұрмысқа шықты. Арада дәл 20 жыл өткенде министр Асхат Аймағамбетовтің қолынан марапат алды. Үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы С.Демирел атындағы университетте ІТ саласында білім алады. Ортаншы ұлы 9 сынып, ал кішкентай қызы 3 сыныпта оқиды.
«Күйеуім вахталық әдіспен жұмыс істейді. Менің жетістігім, оның қолдауы, қамқорлығы. Біз таңертеңнен кешке дейін мектепте жүреміз, тынбай еңбек етеміз. Балалар қазір басқа, ұрпақ өзге. Дегенмен балаға сенімді ақпарат айтып, нақты жеткізе білсең, бәрін қабылдайды. Оқушымен қарым-қатынаста әр ұстаздың өз жолы бар. Мен екі сыныпты түлеттім. Оқушыларым хабарласып, мерекеде құттықтап тұрады. «Ең қиын мамандық - адам болу» деп жиі айтамын. Алдымен тәрбие, содан кейін ғана білім», - деді Рита Айтжанова.
Ұстаз бағалау кезінде 10 балдық жүйенің тиімді екенін айтты. Бұл баланың тақырыпты түсініп, жан-жақты зерттегенін немесе құр жаттап алғанын бағамдауға мүмкіндік береді. Ал үй тапсырмасын орындамайтын, сабаққа селсоқ оқушылар дерекпен жұмыс істейді. Яғни, мектепте қосымша дәріс алады.
«Қазіргі балалар ашық, еркін. Өз ойын еркін айтады. Кейде бағытын жаңылыстыру үшін қарсы сұрақ қойып, тығырыққа тіреймін. Ол кезде оқып, зерттеп келген оқушы өз сөзінің дұрыс екенін дәлелдейді. Ата-аналар баласы үшін «жақсы баға» сұраған емес. Өзім туралы «қатал мұғалім» дегенін естимін. Әрине, тәртіпті, тәрбиені бірінші орынға қоямын», - деді Рита Айтжанова.