Үздік «жасыл» стартаптар GCIP жаһандық форумында ел намысын қорғайды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада GCIP Қазақстан бағдарламасы аясында 51 стартап іріктелді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бағдарламаның жобалық менеджері Мәдина Қазкеннің айтуынша, акселерацияға дайындықтың алғашқы кезеңі аяқталды, оның қорытындысы бойынша үздік командалар халықаралық деңгейде ел намысын қорғайды.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— GCIP Қазақстан бағдарламасы аясында 350 өтінімнің ішінен 51 стартап іріктеліп алынды. Қазір іріктеуден өткен стартап иелері ұлттық академияда 4 күндік курстан өтіп жатыр. Кейін қатысушылар акселерациялық бағдарламаға қатысады, оның қорытындысы бойынша жартылай финалға 10 команда өтеді. Олар өз жобаларын ұлттық форумда таныстырады. Сол жерде 5 жеңімпаз анықталады. Жеңімпаздарға 3 миллион теңгеден қаржылай сыйлық табысталып, Қазақстанды GCIP жаһандық форумында таныстыру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, олар постакселерациялық қолдауға да ие болады, бұл дегеніміз инвестор тарту, пилоттық жобаларды іске қосу, кеңес беру сынды көмек көрсетіледі, — деді М. Қазкен.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл қатысушылар арасында ауа сапасын мониторингтеу, экологиялық білім беру және құс қалдықтарын қайта өңдеу бағыттарындағы жобалар ерекше көзге түсті.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Жобалардың негізгі бағыттары — қалдықтарды басқару, энергия тиімділігі, таза көлік, «жасыл» құрылыс тағы сол сияқты. Биыл сарапшылар Сокольский институтының ауа сапасына қатысты стартапын, Green Air Academy жобасын және «Кемел» бастамасын (құс қалдықтарын қайта өңдеу бойынша) ерекше атап өтті. Бұл бағдарлама Қазақстанда үшінші жыл жүзеге асырылып жатыр және жыл сайын өтінімнің саны мен сапасының артып келе жатқанын байқап отырмыз. Көптеген түлек инвесторлармен келісімшарт жасап, пилоттық жобаларды Қазақстанда да, шетелде де іске қосып жатыр, — деп толықтырды ол.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ұлттық академияға өткен стартаптардың бірі — тұрмыстық сарқынды сулардың тұнбасын экологиялық жолмен кәдеге жаратуға бағытталған жоба.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Менің жобам сарқынды сулардың тұнбасын жоғары тиімді микроағзалар арқылы өңдеуге арналған. Бұл өте өзекті мәселе: мысалы, тек Алматының өзінде күн сайын 30 мың текше метрге дейін тұнба шығады, олар тиісті сүзгіден өтпей тұндырғыштарға төгіледі. Біз осы орайда пилоттық жобаны қолға алдық, ол бұл тұнбаларды қауіпсіз түрде тыңайтқышқа айналдыруға болатынын көрсетті, ол топырақта тіпті өте талғампаз өсімдіктердің өзі тез өседі. Болашақта бұл технологияны пайдалы қазбалар өндіретін аймақтардағы деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру үшін қолдануға болады. Қазақстанда бұған ұқсас технология жоқ. Бізде дайын шешім бар, ол көп шығынды қажет етпейді және экологиялық тұрғыда таза. Біздің идеяға халықаралық тәжірибе шабыт берді, мұндай биотехнологияларды Оңтүстік Корея мен Италияда қолданады, — деді жоба қатысушысы Жанар Мырзақұлова.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Финалдық іріктеу күзде өтетін ұлттық форум аясында өтеді. Сондай-ақ финалистер Түркияда өтетін GCIP жаһандық форумында Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігіне ие болады. Форумға 16 елдің өкілдері жиналады.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бірнеше күн бұрын елордада жасыл технология бойынша GCIP-Kazakhstan ұлттық академиясының жұмысы басталғаны туралы жазған едік.