Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың сөзінше, көп банктер ЖИ қолданғанымен, қаржы нарығының цифрлық даму деңгейі біркелкі емес.
2026 жылы агенттік 94 қаржы институты, яғни 23 банктің, 25 сақтандыру компаниясының, 31 бағалы қағаздар нарығына қатысушының және 15 микроқаржы ұйымының цифрлық дайындығын бағалады.
Олар ішкі процестерді цифрландыру, деректер сапасы, IT инфрақұрылымы, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектті пайдалану және қызметкерлердің біліктілігі сияқты 100-ден астам параметр бойынша бағаланды.
* Банктер 5 балдан 3,66 балл;
* Сақтандыру компаниялары 3,4 балл;
* Микроқаржы ұйымдары 3,1 балл;
* Бағалы қағаздар нарығына қатысушылар 3,05 балл алды.
— Сонда бізде әлі үздіктер жоқ па? — деп сұрады модератор.
— Үздіктер жоқ, себебі бізде IT инфрақұрылымы мен жасанды интеллектке айтарлықтай инвестиция салатын ірі банктерден бөлек, жеткілікті ақша салмайтын екінші деңгейлі орта және шағын банктер де бар, — деп жауап берді Әбілқасымова.
Одан бөлек ол технологияға салған инвестицияның өзі цифрландырудың жоғары деңгейін көрсетпейтінін айтып өтті. Өйткені маңыздысы — цифрлық құралдар мен жасанды интеллект ұйымның күнделікті процестеріне қаншалықты терең интеграцияланғанын түсіну.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы секторын цифрландыру және жасанды интеллектті одан әрі енгізу бойынша жаңа стратегия әзірлеп жатыр. Реттеуші орган бағалауға қатысқан барлық 94 ұйым үшін 1200 нақты шараны анықтап, жеке жоспарлар жасады.
— Бұл жұмысты бақылау үшін агенттіктің құрамында Цифрлық трансформация кеңсесі құрылады. Енді қаржы институттарынан тек технологияға инвестиция салу емес, сонымен қатар оны дұрыс қолдану күтіледі, — деді ол.
Еске салсақ, ЖИ арқасында күдікті транзакцияларды анықтау 80 есе жеделдетілгені айтылды.