В.Божко «Антигептил» белсенділеріне экологиялық ахуалды сәйкесінше қызметтерден анықтауға кеңес берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Протон» зымыранының құлауына байланысты экологиялық ахуалды сәйкесінше қызметтерден анықтап білу қажет. Бүгін Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко осылай деп мәлімдеді.

«Мән-мағынасыз болжам жасап, түрлі ұсыныстар жасаудың еш қажеті жоқ дегім келеді. Одан да біздің экологиялық қызметтерге жүгініңіздер. Олар оған байланысты толық жайтты айтып береді»,- деді ол.

Бұған дейін «Антигептил» қозғалысының белсенділері Владимир Божкоға «Протон» құлаған жерде өмір сүруге кеңес берген еді. Олардың пайымынша, Ішкі істер министрінің орынбасары сол арқылы аталған аймақтағы экология өмір сүруге қауіпсіз екендігін дәлелдеуі тиіс.

«Мен «дивандық» деп атайтын жекелеген адамдардың, сарапшылардың дөрекелігі әрі әдепсіздігі менің көңіліме қаяу түсіреді», - деді ол.