Ақтөбеде полицейлер COVID-19-ға қарсы вакцинаны ерікті түрде қабылдап жатыр. Олар қаладағы №4 қалалық емханаға барып, тексеруден өтті. Алғашқылардың бірі болып патрульдік полиция батальонының командирі Ермек Шоқанов екпе алды. Оның денсаулығы бірқалыпты, көңіл-күйі жақсы.
Ермек Шоқанов осы арқылы алдымен туыстарын, әріптестері және жанына жақын адамдарды қорғауға бел буған.
«Біз үнемі ел арасында жүреміз. Алдымен дәрігер жан-жақты тексерді, қан қысымын өлшеді. Вакцинаның еш кері әсерін байқамадым. Өзім әріптестеріме үлгі болып, бірінші болып қабылдадым», - деді Ермек Шоқанов.
Өз еркімен екпе алуға дайын полицейлердің тізімі жасалды. Бірінші күні облыс орталығында 10 қызметкер екпе салдырды. Осы айда 200 қызметкер иммундалады. Полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Оразалин де жеке құрамға үлгі болып, вакцинаны алғашқылардың бірі болып алды.
«Вакцинациялау коронавирустық инфекцияның таралуын жеңуге көмектеседі деп санаймын. Күнделікті қызметте көп адаммен байланыста болатындықтан, айналамыздың қауіпсіздігі басты міндетіміз екенін естен шығармаймыз», - деп атап өтті Н.Оразалин.