Теңге негізгі валюталарға қатысты нығайды
13 қарашада Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша бір доллар 443,62 теңге, еуро 492,24 теңге, Ресей рублі 5,36 теңге, Қытай юані 66,53 теңге болды.
Алдыңғы аптаның қорытындыс сауда күніне қарағанда доллар 8,25 теңгеге немесе 1,83 пайыз арзандады. Еуро 15,07 теңгеге, рубль 17 тиынға, юань 1,24 теңгеге төмендеді.
Еуроның 500 теңгелік межеден төмен түсуі де осы аптадағы өзгерістердің бірі болды. Апта соңында негізгі төрт валютаның бәрі теңгеге қатысты арзандады.
Бір айда және бір жылда доллар қаншаға арзандады?
Қарашадағы өзгерісті бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда да теңгенің нығайғаны байқалады.
13 қазанда Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша доллар 451,31 теңге болған. Бір айда америкалық валюта 7,69 теңгеге немесе 1,7 пайыз арзандады.
Ал былтырғы 13 қарашада доллар 524,65 теңге тұрған. Биылғы көрсеткішпен салыстырғанда айырмашылық 81,03 теңге. Яғни бір жылда доллардың теңгеге шаққандағы құны 15,44 пайыз төмендеді.
Бұл теңгенің бір жылда айтарлықтай нығайғанын көрсетеді. Бұған тек ішкі валюта нарығындағы жағдай ғана емес, мұнай бағасы, экспорт түсімі, шетел валютасына сұраныс және Ұлттық қордан түсетін қаражат та теңге бағамына әсер етті.
Қаржыгерлер болжамы
Теңге қарашада нығайғанмен, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қарашадағы сауалнамасына қатысқан сарапшылар жыл соңына қарай доллар қымбаттайды деп күтеді.
Олардың болжамынша, желтоқсанның басында доллардың орташа бағамы 462,4 теңге болады. Қазан айындағы сауалнамада бұл көрсеткіш 456,5 теңге деп бағаланған. Яғни бір ай ішінде сарапшылар болжамын 5,9 теңгеге көтерген.
13 қарашадағы ресми бағаммен салыстырғанда 462,4 теңгеге дейінгі ықтимал өсім 18,78 теңге немесе 4,23 пайыз деген сөз..
Алдағы 12 айға арналған болжам бойынша доллар бағамы 499,4 теңге деңгейінде бағаланып отыр. Қазан айындағы сауалнамада сарапшылар бір жылдан кейін доллар 502,6 теңге болады деп болжаған. Демек, қысқа мерзімде доллардың қымбаттауын күткенімен, бір жылдық болжамдарын сәл жақсартқан.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме
Қаржыгерлер инфляция бойынша болжамын да көтерді. Олардың бағалауынша, алдағы 12 айда инфляция 9,9 пайыз болуы мүмкін. Қазан айындағы сауалнамада бұл көрсеткіш 9,7 пайыз болған.
Базалық мөлшерлемеге қатысты сарапшылардың басым бөлігі Ұлттық банк 4 желтоқсандағы отырысында қазіргі 15,75 пайыздық деңгейді сақтайды деп есептейді. Сауалнамаға қатысқандардың 65 пайызы осындай пікір білдірген. Қалған 35 пайызы мөлшерлеме 15,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деп санайды.
Мұнай бағасы мен экономикалық өсім болжамы
Сарапшылар Brent маркалы мұнайдың алдағы 12 айдағы бағасын барреліне 93,4 доллар деп бағалап отыр. Қазан айындағы болжам 79 доллар болған.
Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжам да 4,4 пайыздан 4,5 пайызға көтерілді.
Қаржы сарапшысы Андрей Чебаторев Қазақстан мұнайының Brent маркалы мұнайға қарағанда үстеме бағамен сатылып жатқанын айтады.
- Қымбат мұнай доллар бағамы 540 теңге деген межемен есептелген бюджет тапшылығын жабуға көмектесіп отыр, – дейді сарапшы.
Еске салсақ, 12 қараша күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 1,2 теңгеге түсіп, 443,62 теңге болды.