Вандализм: Айналасын қиратып жүретін балалардың өмірге өкпесі бар

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бүтінді бүлдіріп, қиратып жүретін балалардың кейбірі өзіне назар аударғанын қалайды, кейбірінің өмірге өкпесі бар. Бұл балалардың ата-анасы Әкімшілік құқық бұзу кодексінің екі бабы бойынша жауапқа тартылады. Бала неге айналасына қырғидай тиеді? Вандализммен күресте кім жеңді?

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Сквердің мүлкін тас-талқан етіп сындырып бітірді — әкімдік

Ақтөбе қаласында аялдама, жарықшамдар, балалардың ойын алаңдарындағы әткеншек, сырғанақ, орындықтар, автобус іші жиі бүлінеді.

Аялдамада адам отырар орындықтың ағашы жұлынған, әйнегі шытынаған, саябақтардағы мәрмәр тастарға түрлі сурет салынып, әткеншектердің темір шынжыры үзілген, жарықшамдар сынған.

Балалар біраз уақыт бойы бос тұрған үйді, ғимаратты көрсе терезесіне тас лақтырып сындырып кетеді. Кей кезде саябақ пен скверлердегі ескерткішке мініп алады.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Еске салсақ, былтыр Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды

Заң күшейгенімен елімізде вандалдар сындырып, бүлдіруін тоқтатар емес. Көбіне әйнекті сындырып, зираттағы құлпытасты қиратады, түрлі орындарға жазып кетеді.