Енді сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін дүкендер мен жанармай құю бекеттерінде алкоголь өнімдерін сату тоқтатылады. Бұл шешім қалалық кеңестің қаулысына сәйкес қабылданды. Ерекшелік ретінде Шопен әуежайындағы duty free аймағы көрсетілген.
Бұған дейін мұндай шектеулер сынақ ретінде тек екі ауданда – Средместье мен Прага-Пулудне аймақтарында ғана енгізілген болатын. Қала билігінің мәліметінше, бұл аудандарда жедел қызметтердің шақыртуларының саны айтарлықтай азайған. Мәселен, бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жедел қызметтердің шақыртулары күндіз 10 пайыздан астамға, ал түнгі уақытта 15 пайыздан астамға азайған.
Жалпы қалалық деңгейде де оң өзгерістер байқалған. Шектеу енгізілген аудандарда оқыс оқиғалар саны шамамен 23,7 пайызға азайса, Варшаваның басқа бөліктерінде бұл көрсеткіш 11,1 пайыз деңгейінде болған. Түнгі уақытта айырмашылық одан да айқын көрініп, тыйым салынған аймақтарда шақыртулар шамамен 23 пайызға төмендеген, ал басқа аудандарда бұл көрсеткіш 4 пайыздан сәл асқан.
Полиция деректеріне сәйкес, кей аймақтарда төмендеу 37 пайыздан асқан. Сонымен қатар, көршілес аудандарда – Прага-Пулудне, Таргувек және Воляда полиция белсенділігінің аздап артқаны да тіркелген.
Қала тұрғындарының пікірі екіұшты. Бір бөлігі бұл шектеу қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, қалалық тәртіпті жақсартады деп есептейді. Ал кей тұрғындар мұндай қадам бизнеске және еркіндікке әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылығын білдіріп отыр.
Түнгі алкоголь сатуға тыйым салу идеясы қоғамда бұрыннан талқыланып келген. Бұл бастаманы алғаш болып Miasto Jest Nasze ұйымы көтерген. Варшава мэрі Рафал Тшасковский бастапқыда бұл шешімді қолдамаса да, кейін оны бүкіл қалаға кеңейту туралы ұсыныс жасалып, соңында жалпы қалалық деңгейде енгізілді.
Қазіргі таңда Польшадағы 200-ден астам муниципалитетте осындай шектеулер қолданылады.
Бұдан бұрын Польшада 5 жылда жұмыссыздық деңгейі артқанын жазғанбыз.