Вашингтонда Израиль мен Ливан арасындағы үшінші келіссөз басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Тараптар атысты тоқтату, Ливанның оңтүстігіндегі жағдай және «Хезболла» қарулану мәселесін талқылауда, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Анадолы

АҚШ астанасында бейсенбі күні Израиль мен Ливан өкілдері арасындағы үшінші тура келіссөздер басталды. Кездесулер АҚШ Мемлекеттік департаментінің делегациясы қатысуымен өтуде және екі күнге созылады.

Бұл – биылғы жылдың басынан бері екі ел делегацияларының үшінші бетпе-бет кездесуі, бұған дейінгі раундтар 14 және 23 сәуірде өткен еді. Келіссөздер атысты тоқтату режимі тұрақсыз жағдайда және Ливанның оңтүстігінде жалғасып жатқан ұрыстар фонында өтіп жатыр, ал тоқтату режимінің мерзімі жексенбі күні аяқталмақ.

Келіссөз аясында жалғасып жатқан соққылар

Келіссөздер жүріп жатқанына қарамастан, Израиль Ливан аумағына соққылар беруді жалғастырып отыр.

Сәрсенбі күні, Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Бейруттан оңтүстікке қарай трассадағы көліктерге жасалған соққылардан сегіз адам, соның ішінде екі бала қаза тапты. Оңтүстік аймаққа жасалған басқа соққылардан тағы тоғыз адам қаза болды.

Бейсенбі күні Израиль әскері шабуылдарын жалғастырып, Бекаа алқабы мен Ливанның оңтүстігіндегі елді мекендерге эвакуация туралы жаңа ескертулер жасады.

Израиль әскері соққылардың «Хезболла» нысандарына және инфрақұрылымына бағытталғанын мәлімдеді. Ливан тарапынан және қозғалыс өкілдері Израильді атысты тоқтату режимін жүйелі түрде бұзып отыр деп айыптайды.

Фото: ISW

Келіссөздерге кім қатысып жатыр

Ливан делегациясын ел президенті Жозеф Аун тағайындаған дипломат Симон Карам басқаруда. Делегация құрамына АҚШ-тағы Ливан елшісі Нада Хамаде Моавад, миссияның орынбасары Виссам Бутрос және Вашингтондағы Ливан әскери атташесі генерал Оливер Хакме кіреді.

Израиль тарапынан АҚШ-тағы елші Йехиэль Лейтер, Израиль Қорғаныс армиясының стратегиялық басқарма бастығы бригадалық генерал Амихай Левин және Израиль Ұлттық қауіпсіздік кеңесі кеңесшісінің орынбасары Йосси Дразнин қатысып отыр.

АҚШ делегациясынан келіссөздерге Мемлекеттік хатшы кеңесшісі Майкл Нидхэм, Мемлекеттік департамент өкілі Джей Менс, сондай-ақ Израиль мен Ливандағы АҚШ елшілері Майк Хакаби мен Мишель Исса қатысып отыр.

Ливан ішіндегі келіспеушіліктер

Келіссөздер Ливанның өз ішінде айтарлықтай дау туғызды. Елдің жоғары билігі келіссөз мақсаттары мен ауқымына қатысты бір позицияға келе алмай отыр.

Ливан президенті Жозеф Аун және премьер-министр Наваф Салам Израильмен тура келіссөздерді қолдайды. Сол уақытта «Хезболла» қозғалысы және оның одақтастары, соның ішінде парламент спикері Набих Берри, тек жанама байланыс форматында келіссөз жүргізуді қолдайды.

АҚШ бұған дейін президент Аун мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасында тура кездесуді ұйымдастыруды ұсынған. Бұл бастама Ливан ішінде ішкі шиеленістің жаңа толқынына қауіп төндіруі мүмкін деп есептеледі.

Кейбір сарапшылар Ливандағы ішкі келіспеушіліктердің күшеюі мен мемлекеттік институттардың әлсіреуі Израильге тиімді деп санайды, себебі бұл елді сыртқы қысымға әлдеқайда осал етеді.

«Хезболла» ұстанымы

«Хезболла» бас хатшысы Наим Касем қозғалыс Ливан мемлекетімен бірқатар мақсатқа жету үшін ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді, соның ішінде Израиль соққыларын тоқтату, Израиль әскерін шығару, Ливан армиясын оңтүстікке орналастыру, тұтқындарды қайтару және зақымданған аудандарды қалпына келтіру бар.

Сонымен қатар Касем «Хезболла» Израильмен тура келіссөзді қолдамайтынын атап өтті. Қозғалыс мәліметіне сәйкес, соңғы апталардағы шабуылдардың көбі Израиль әскерлері мен техникасына бағытталған.

Тараптар не туралы талқылап жатыр

Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – атысты тоқтату режимін сақтау.
Ливан билігі Израиль соққыларын тоқтатып, АҚШ тарапына 2024 жылғы тоқтату келісімінен кейін Ливанға келген зияндар туралы мәлімет ұсынуды мақсат етеді.
Израиль өз кезегінде «Хезболла» нысандарына соққылар жасау мүмкіндігін сақтап, қозғалысты қарудан босатуды қалайды.

Кейбір израильдік саясаткерлер оңтүстікте буферлік аймақ құруды ұсынса, кейбіреулері шекара маңындағы кейбір аумақтарды фактілік бақылауға алуды қарастыруда.
Ливан билігі Израильмен қатынасты қалыпқа келтіруді қарастырмайды және шешімнің негізі ретінде 1949 жылғы бітім келісімін негізге алады.

АҚШ келіссөздерде жалғыз делдал болып отыр

Франция 2024 жылғы бітім мониторингі механизміне қатысқанымен, Al Jazeera сілтеме жасайтын дипломатиялық деректер бойынша Израильге нақты ықпал тек Вашингтонда шоғырланған.

Көптеген аналитиктер АҚШ-тың бейтарап делдал бола алатынына күмән келтіреді, себебі Вашингтон мен Израиль дәстүрлі түрде тығыз байланыста.

Сауд Арабиясы келіссөздерге дайындықта маңызды рөл атқарады. Эр-Рияд соңғы апталарда Ливан ішіндегі саяси күштердің арасындағы қарама-қайшылықты азайтып, келіссөзге үйлесімді позициямен келуге тырысты.

Айта кетейік, Ливан мен Израиль арасындағы бітім тағы үш аптаға ұзартылды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңі келесі аптада өтеді.