Бұл Нетаньяхудың Трамп АҚШ президенті қызметіне қайта кіріскелі бергі сегізінші кездесуі және биылғы ақпаннан бергі алғашқы жүздесуі. Ақпан айындағы кездесуден кейін Израиль мен АҚШ Иранға қарсы бірлескен әуе операциясын бастаған.
– Осындай күрделі кезеңде үлкен батылдықпен қатар, парасатты шешімдер де қажет. Біз күн тәртібіндегі барлық мәселені, ең алдымен Иран тақырыбын талқылаймыз. Негізгі мақсатымыз – қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету және бейбітшілік кеңістігін кеңейту, – деді Нетаньяху Вашингтонға аттанар алдында жариялаған бейнеүндеуінде.
Осы айда АҚШ жүргізген екі апталық әскери операцияға Израиль қатысқан жоқ. Бұған жауап ретінде Тегеран АҚШ-тың әскери базаларына соққы жасаған еді.
Өткен демалыс күндері Дональд Трамп әскери операцияны тоқтатты. Иран АҚШ үзілісті сақтаған жағдайда өзінің де шабуылдарын тоқтататынын мәлімдеді. Алайда Израиль Тегеран тарапынан кез келген жаңа шабуылға қатаң жауап берілетінін ескертті.
Соңғы апталарда Нетаньяху Таяу Шығыстағы Израиль мен АҚШ мүдделері кей мәселеде әртүрлі болғандықтан, өзі мен Трамп арасында пікір қайшылықтары болғанын мойындады.
Маусым айында екі көшбасшы арасындағы телефон әңгімесі де көпшілік назарын аударды. БАҚ-та жарияланған мәліметке сәйкес, Трамп Нетаньяхуды дөрекі сөзбен сынаған. Кейін АҚШ президенті бұл әңгіменің болғанын өзі де растады. Бұл екі ел басшылары арасындағы келіспеушіліктердің бар екенін көрсетті.
Жексенбі күні Израиль Трамп ұсынған Газа секторына қатысты бейбітшілік жоспары аясында халықаралық қауіпсіздік күштерін өңірге кіргізуге келісетінін мәлімдеді.
21 шілдеде Израиль соңғы апталарда Ливан билігімен АҚШ-тың қолдауымен жасалған келісімдерге сәйкес елдің оңтүстігіндегі әскери күштерінің бір бөлігін қайта орналастырғанын хабарлаған.
Сарапшылардың пікірінше, Трамппен өтетін кездесу Нетаньяху үшін ішкі саяси тұрғыдан да маңызды. Израильде 27 қазанда парламент сайлауы өтеді, ал қазіргі кезде премьер-министрдің рейтингі қоғамдық сауалнамаларда төмендеп келеді.
Айта кетейік, Нетаньяху сейсенбі күні АҚШ-қа барып, Трамппен кездесетінін жаздық.