Вашингтондағы Кеннеди орталығы Дональд Трамптың атымен қайта аталады

Фото: inforesist.org

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ астанасы Вашингтонда орналасқан Кеннеди атындағы орындаушылық өнер орталығы Трамп–Кеннеди орталығы деп қайта аталатын болды. Орталықтың директорлар кеңесі атауды өзгерту жөнінде бірауыздан шешім қабылдаған. Бұл туралы Ақ үй хабарлады, деп жазады BBC.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт X әлеуметтік желісінде директорлар кеңесі соңғы бір жылда президент Дональд Трамптың ғимаратты «сақтап қалу жолында атқарған ауқымды жұмысын» атап өткенін мәлімдеді.

Кеннеди орталығы 1971 жылы салынғаннан бері АҚШ-тың мәдени өміріндегі маңызды нысан саналып келеді және осы уақытқа дейін президент Джон Фицджералд Кеннедидің есімімен аталып келген.

Бейсенбі күні Доғал кеңседе сөйлеген сөзінде Дональд Трамп бұл шешімге таңғалғанын айтып, ризашылығын білдірді. Алайда ол осы айдың басында Кеннеди орталығының жыл сайынғы марапаттау рәсімінде атауды өзгерту мүмкіндігін әзіл ретінде меңзеген болатын.

BBC дерегінше, қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай Трамп орталықтың директорлар кеңесінің барлық мүшесін қызметтен босатып, олардың орнына өзіне жақын саяси одақтастарын тағайындаған. Кейін бұл құрам Трампты кеңес төрағасы етіп сайлаған.

Ал оның кеңесшісі әрі арнайы тапсырмалар жөніндегі өкілі Ричард Гренелл директорлар кеңесінің төрағасы болды. Қазіргі таңда кеңес құрамында бас прокурор Пэм Бонди, Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлз, АҚШ-тың екінші ханымы Уша Вэнс, сондай-ақ Трамп әкімшілігінің өзге де жоғары лауазымды тұлғалары мен саяси серіктестері бар.

Сонымен қатар президенттің бастамасымен Конгресс орталықты күрделі жөндеуден өткізу және өзге де шығындар үшін шамамен 257 миллион доллар бөлген. Жақында аталған нысанда футболдан әлем чемпионатының жеребесі де өткен.

— Біз оны сақтап қалдық. Ол өте нашар жағдайда еді, — деді Дональд Трамп орталық туралы пікірін білдіріп.

Айта кетейік, АҚШ полициясы Браун университетіндегі шабуылға қатысы бар күдіктіні анықтады.