Вайнер Мейірхан Шерниязов мерзімінен бұрын босап шыға ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Түрксіб аудандық сотында Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша бес жылға сотталған белгілі вайнер Мейірхан Шерниязовтың мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралды.
Сотта Шерниязовты Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (қаржы пирамидасын құру және басқару) бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны анықталды.
Азаматтық талаптың жалпы сомасы 814 120 806 теңге, мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары 8 045 602 теңге.
Сотталушымен 15 000 теңге көлемінде мемлекеттік баж және Жәбірленушілерге өтемақы қорына 58 340 теңге мәжбүрлі төлем өтелген.
Сот талқылауы барысында сотталғанның жазасын неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы өтініш хатты қанағаттандырудың негізгі критерийлерінің бірі зиянның өтелмегені де анықталды.
ҚРҚК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қас көйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін.
– Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот М.Шерниязовтың жеке ісінің материалдарын жан-жақты зерттеп, сот қаулысымен өтініш хатты қанағаттандырусыз қалдырды, – деп хабарлады соттан.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Түрксіб аудандық соты 25 желтоқсан күні Мейіржан Төребаевтың да өтінішін қанағаттандырмады.
Осыған дейін, вайнерлер сотқа мерзімінен бұрын босату туралы өтінішпен жүгінген еді.
Бұған дейін Павлодар облысының № 44 мекемесінде жазасын өтеп жатқан, Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың Алматыдағы колонияға ауыстырылғаны туралы жазған едік.
Еске салайық, былтыр маусым айында Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша сот үкімі шыққан болатын. Аталған іс бойынша вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейіржан Шерниязов 5 жылға сотталды.
Сондай-ақ, қаржы пирамидасын құрды деп сотталған Мейіржан Төребаевтың әйелі Дана Есеева әлеуметтік желіде күйеуі мен балаларының видеосын жариялағанын жазғанбыз. https://kaz.inform.kz/news/bes-zhilga-sottalgan-vayner-meyrzhan-torebaev-uyne-keld-016717/
Кейін Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушы Мейіржан Төребаевтың неге үйіне жіберілгенін түсіндірді.
Осы жылдың басында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сотқа апеляциялық шағым түсірді.
Алайда апелляциялық сот вайнерлерге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.