V Азия Пара ойындары: Қазақстан спортшылары бесінші жарыс күнінде 16 медаль жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — V Азия Пара ойындарының бесінші жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара садақ атудан, пара үстел теннисінен, пара дзюдодан, пара велоспорттан (шоссе), пара жүзуден, пара пауэрлифтингтен, пара таеквондодан, пара жеңіл атлетикадан, волейболды отырып ойнаудан сынға түсті.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Жарыс күнінің қорытындысы бойынша ел құрамасының қоржынында 16 медаль бар. Жалпы жүлде саны 37 медальға жетті. Оның ішінде 10 алтын, 11 күміс және 16 қола бар.

Пара дзюдо

Пара дзюдодан ел құрамасының қоржыны тағы үш алтын, бір күміс және төрт қола медальмен толықты. J2 класында 95 келі салмақ дәрежесінің финалында Жұрқамырза Шүкірбеков Иран өкілін жеңіп, алтын медаль еншіледі.

Фото: ҚР ҰОК

J1 класында 70 келі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Ақтолқын Сейілбекова барлық төрт қарсыласын жеңіп, алтын медаль иеленді. J2 класында 70 келі салмақта белдескен Зарина Райфова да төрт қарсыласының барлығынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ J2 класында — 95 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жанбота Аманжол күміс медаль иеленсе, J2 класында 95 келі салмақта белдескен Ермек Нұрқабаев жарыстың қола жүлдегері атанды. Ерлан Өтепов J1 класында 95 келі салмақ дәрежесінде татамиге шығып, қола медаль иеленді. J1 класы бойынша 95 келіде Бағланбек Оңалбек қола медаль иеленді. Ал J2 класында 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Аяла Мереке қола медаль үшін өткен белдесуде Үндістан спортшысын жеңіп, жарыстың жүлдегері атанды.

Пара велоспорттан екі алтын және бір күміс медаль

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара велоспорттан үш медаль жеңіп алды. Ел қоржыны екі алтын және бір күміс жүлдемен толықты. Ерлер арасында B класында 20 шақырымдық жеке уақытқа жарысуда Наиль Ермуханбет пен оның пилоты Руслан Алиев 34 минут 09,17 секунд нәтижемен бірінші орын алып, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Осы жарыста Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский 35 минут 26,64 секунд нәтижемен күміс медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында B класында өткен жеке уақытқа жарысуда қазақстандық Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова алтын медаль иеленді. Қазақстандық экипаж 32 минут 21,54 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Өзбекстан спортшылары 32 минут 45,82 секунд нәтижемен иеленсе, Сингапур өкілдері 34 минут 31,92 секунд көрсеткішпен қола жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан құрамасы пара велоспорттан үш жүлде жеңіп алып, V Азия Пара ойындарындағы медальдар санын арттырды.

Cадақ атудан алғашқы медаль!

Ерлер арасындағы W1 класы бойынша жұптық сында қазақстандық спортшылар Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым финалда Қытай құрамасымен кездесті. Шешуші бәсекеде қарсылас команда 6:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан спортшылары күміс жүлдегер атанды. Финалдық кездесудің үш сеті 37:31, 35:32 және 37:35 есебімен Қытай құрамасының пайдасына аяқталды.

Пара жеңіл атлетика

Пара жеңіл атлетикадан қос спортшымыз жүлдегер атанды. Ұзындыққа секіруден (T13 класы) Ислам Салимов 6,30 метр нәтижемен сайыстың күміс жүлдегері атанды.

Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Жапония спортшысы Рёта Фунагага 6,93 метр нәтижемен жеңімпаз болса, Өзбекстан өкілі Батыр Мұхамедов 6,24 метр көрсеткішпен қола медаль жеңіп алды. Ал ядро итеру сайысында (F53 класы) Махамбет Серікқалиев 6,81 метр нәтижемен қола медаль жеңіп алып, жеке рекордын жаңартты. Бұл сында Үндістан спортшысы А. Верма (8,16 м) алтын, Иран өкілі А. Хемами (8,09 м) күміс медаль иеленді. Диск лақтырудан (F11) Светлана Иржанова алтыншы орынға тұрақтаса, ядро итеруден (F46 класы) Равиль Мансурбаев төртінші орынға жайғасты. Найза лақтырудан F55 класында өнер көрсеткен Мұқан Айтмырзаев бесінші орында. Ал 100 метрге жүгіруден T62 класc арасында Айсұлу Сүлейменова 16.18 нәтижесімен Азия рекордын орнатты.

Пара жүзу

Әли Тұрғанбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс жүлдегер атанды. SB4 санатындағы финалдық жарыста отандасымыз 1:44.26 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды.

Ал S10 санатында 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден өткен финалда Диас Кенжебек 1:05.50 секунд нәтиже көрсетіп, қола медаль иеленді. S8 санатында 100 метрге еркін стильде жүзуден өткен финалда Алина Дубинина қашықтықты 1:23.69 секундта жүзіп өтіп, бесінші орынға тұрақтады. Ал әйелдер арасында S8 санатында 50 метрге еркін стильде жүзуден өткен финалдық жарыста ол 38.20 секунд нәтиже көрсетіп, бесінші орын алды. SB11 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден өткен финалда Роман Потапов пен Әмір Мұратбеков бақ сынады. Роман Потапов 1:20.89 секунд нәтижесімен төртінші орынға тұрақтаса, Әмір Мұратбеков 1:22.25 секунд көрсеткішімен бесінші орынға ие болды. S5 санатында 200 метрге еркін стильде жүзуден өткен финалда Айсултан Күлкаев 3:14.40 секунд нәтиже көрсетіп, бесінші орын алды. Әйелдер арасында SB5 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден өткен финалда Зарина Мурзагалиева 2:30.80 секунд нәтижесімен жетінші орынға тұрақтады. Ерлер арасында SB5 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден өткен финалда Бекасыл Қасымбек 2:07.44 секунд нәтиже көрсетіп, бесінші орынға ие болды. SM11 санатында 200 метрге кешенді жүзуден өткен ерлер арасындағы финалда Нұрдәулет Дүйсенбаев 2:53.94 секунд нәтижесімен бесінші орынға тұрақтады.

Пара пауэрлифтинг

Әйелдер арасында 73 келіге дейінгі салмақта Раушан Қойшыбаева 113 келі нәтижемен төртінші орын иеленді. Ал ерлер арасында 88 келіге дейінгі салмақта Рахметжан Хамаев 206 келі көтеріп, бесінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ ерлер арасында 97 келіге дейінгі салмақта Әділжан Баутов 204 келі нәтижемен бесінші орын алды. Осы салмақта ел намысын қорғаған Асхат Жұманов 180 келі көрсеткішпен сегізінші орынға жайғасты.

Пара таеквондо

Пара таевондодан K44 класы бойынша 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрлан Домбаев алғашқы жекпе-жегінде жапониялық Чикара Итоды жеңіп, жартылай финалға жолдама алған еді. Алайда жартылай финалда кореялық Чжу Чонхымге 0:2 есебімен есе жіберді. Ал қола медаль үшін жекпе-жекте қарсыласына жол берді. K44 класында 80 келі салмақта сынға түскен Жанболат Казиев жұбаныш жекпе-жегінде Ирак өкілі Шад Хошнавқа 2:1 есебімен жол берді. K44 класында 65 келі салмақта сынға түскен Айкенже Дәулетшина жұбаныш жекпе-жегінде Иран өкілінен есе жіберіп, жарысты аяқтады.

Волейболды отырып ойнау

Волейболды отырып ойнаудан ұлттық команда спортшылары топтық кезеңде Иран командасымен бақ сынасты. Кездесу нәтижесінің қорытындысы бойынша, ел құрамасы қарсыластарына 3:0 есебімен жол берді. Осыған дейін ұлттық команда Тайланд командасымен кездесіп, жарыс жолын жеңіспен бастаған еді.

Пара үстел теннисі

Әйелдер арасындағы жұптық сында Аружан Ғиниятова мен Раушан Орынбаева Гонконг өкілдеріне 0:3 есебімен есе жіберді. Ал Алтынай Ержанқызы мен Балзия Таш Жапония спортшыларына 1:3 есебімен жол берді. Аралас жұптық сайыста Әли Махулбеков пен Балзия Таш Жапония құрамасынан 0:3 есебімен жеңілді. Раушан Орынбаева мен Игорь Худяков Оңтүстік Корея өкілдеріне 1:3, ал Қытай спортшыларына 0:3 есебімен есе жіберді. Әли Махулбеков пен Балзия Таш Индонезия жұбынан 0:3 есебімен ұтылды.

Аружан Ғиниятова мен Азамат Оразбек Таиланд спортшыларына 0:3 есебімен жол берсе, Гонконг өкілдерімен кездесуде 2:3 есебімен жеңілді. Ардақ Нұрмағамбетов пен Александра Степанова Жапония және Оңтүстік Корея жұптарына 1:3 және 0:3 есебімен есе жіберді. Марат Суртубаев пен Алтынай Ержанқызы Қытай спортшыларынан 1:3 есебімен жеңілгенімен, Индонезия жұбын 3:1, Жапония өкілдерін 3:2 есебімен ұтты. Ерлер арасындағы жұптық сында Марат Суртубаев пен Талғат Ерекеев Гонконг спортшыларына 1:3 есебімен есе жіберді. Игорь Худяков пен Азамат Оразбек Қытай жұбынан 0:3, ал Филиппин өкілдерінен 1:3 есебімен жеңілді.