Вегетациялық кезең: Қызылорда облысында су ресурстарын басқару шаралары күшейтілді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сумен қамтамасыз етудің шектеулі жағдайында вегетациялық кезеңді тұрақты өткізуге бағытталған өңірде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Бұл туралы Үкімет мәлімдеді.
Үкімет тапсырмасы бойынша және тиісті министрліктер арқылы үйлестіре отырып, егіндік суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін шешімдер енгізіліп отыр.
— Барлық ауданда арнайы жұмыс топтары құрылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, суды тиімді пайдалану қатаң бақылауға алынды. Магистралды және шаруашылықаралық арналар арқылы су беруді кезектестіру кестесі бекітілді, жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр. Облыста сорғы қондырғылары дайындалды. Қосымша 165 сорғы қондырғысын алу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне өтінім берілді, —деді ол.
Биыл Қызылорда облысында жалпы 189 мың 300 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 92,9 мың гектары дәнді дақылдар, 5,7 мың гектары майлы дақылдар, 73,3 мың гектары мал азықтық дақылдар, 17,4 мың гектары картоп, көкөніс, бақша дақылдары. Күріш алқаптары 4,7 мың гектарға қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін мал азықтық және майлы дақыл алқаптары ұлғайтылды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жер су үнемдеу технологиясымен суарылады.