Венесуэла жағалауында тағы да жер сілкінді

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлада жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:00-де магнитудасы 4,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері Каракас пен Ла-Гуайра қалаларында анық сезілді, деп хабарлайды Еuronews .

Фото: Anadolu

Бұл жер сілкінісі елдің солтүстігінде болған жойқын зілзаладан небәрі бес күн өткен соң тіркелді. 24 маусымда магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі салдарынан елдің солтүстік өңірлері қатты зардап шегіп, кемінде 1 450 адам қаза тапқан еді. Бұл жолы да Каракас пен Ла-Гуайра қалалары жер асты дүмпулерін сезінді.

Жаңа жер сілкінісінен кейін үйлері аман қалған тұрғындар қауіптеніп, сыртқа жүгіріп шықты. Жер сілкінісінің ошағы 2,9 шақырым тереңдікте орналасқан. Эпицентрі 24 маусымдағы жойқын зілзаладан ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра қаласының шығысынан 10 шақырым жерде болған.

Соңғы бірнеше сағат ішінде 400-ден астам афтершок тіркелді. Сейсмикалық белсенділікке байланысты елдің бірқатар өңірінде, әсіресе астанасы Каракаста табиғи газ беру әлі де тоқтатылып тұр.

Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан кезде президент міндетін атқарушы Делси Родригес баспанасыз қалған тұрғындарға көмек көрсету жоспарын жариялады.

Венесуэлалық және халықаралық құтқарушылар негізінен елдің солтүстігіндегі Каракаспен көршілес орналасқан жағалаудағы Ла-Гуайра штатындағы қираған ғимараттардың үйінділерін тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Венесуэладағы жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 1450-ге жеткенін жаздық.