Венесуэлада жер сілкінісінен сегіз күн өткен соң үйінді астынан бір адам құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен кейін сегіз күн бойы үйінді астында жатқан ер адам құтқарылды, деп хабарлайды Anadolu .

Фото: Anadolu

Құтқарушылар Ла-Гуайра қаласындағы сауда орталығының күзетшісі, 43 жастағы Эрнан Альберто Гиль Флоресті ғимарат қирандыларының астынан аман алып шықты. Ол 24 маусымда болған жойқын жер сілкінісінен кейін шамамен сегіз тәулік бойы үйінді астында қалған.

Халықаралық құтқару топтары бірнеше күн бойы нөсер жауын мен қайталама жер сілкіністеріне қарамастан іздестіру жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылар тар саңылау арқылы зардап шеккен адамға су мен сұйық тағам жеткізіп, оның өмірін сақтап қалған.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, 24 маусымда Венесуэлада араға 39 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі тіркелген. Осыдан кейін елде ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Соңғы мәлімет бойынша, апат салдарынан 2295 адам қаза тауып, 11 мыңнан астам тұрғын жарақат алған. Елде жеті күндік аза тұту жарияланды. БҰҰ шамамен 50 мың адамды із-түзсіз жоғалғандар қатарына жатқызып отыр. Олардың 30 мыңға жуығы ең қатты зардап шеккен Ла-Гуайра портты қаласында болған.