Ұлттық Ассамблея төрағасы Хорхе Родригестің айтуынша, 25 маусым түнінде Венесуэлада болған екі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2295-ке жетті. Қазіргі уақытта 11 267 адам жарақат алып, шамамен 13 000 адам баспанасыз қалғаны белгілі.
БҰҰ сонымен қатар шамамен 50 000 адамның із-түзсіз жоғалғанын тіркеді. Родригестің айтуынша, олардың шамамен 30 000-ы ең көп шығынға ұшыраған Ла-Гуайра порт аймағында болуы мүмкін. Ол құтқарушылар үйінділер астынан шамамен 6500 адамды құтқарғанын атап өтті, саясаткер тірі қалғандар саны 20 000-ға жетуі мүмкін деп санайды, өйткені көпшілігі өз бетінше немесе жақындарының көмегімен қашып құтылды.
Елде жеті күндік аза тұту жарияланды
1 шілдеде Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес жер сілкінісінің құрбандары үшін жеті күндік ұлттық аза тұту күнін жариялады. Ол сол күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00–де күшіне енді.
— Венесуэла жойқын жер сілкінісі салдарынан болған жаппай адам шығынын бастан өткеріп жатыр. Бүгін біз жақындарын жоғалтқан отбасылардың қайғысына ортақтасып, жараланғандар, хабар-ошарсыз кеткендер мен зардап шеккендің тілеуін тілейміз, -деп жазды Родригес өзінің X әлеуметтік желідегі парақшасында.
24 маусымда Венесуэланың солтүстігінде, ел астанасы Каракастың батысында, 39 секунд аралығында 7,2 және 7,5 магнитудалы екі жер сілкінісі болды. Бұл 125 жылдағы елге тиген ең қуатты жер сілкіністері болды. Олардан кейін ондаған афтершоктар болып, көптеген ғимараттың қирауына себеп болды. Әсіресе, халықаралық әуежай және елдің ең ірі теңіз порты орналасқан Ла-Гуайра штаты қатты зардап шекті. Жер сілкінісіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.