Соңғы ресми мәліметке сәйкес, апат салдарынан 5 546 адам қаза тауып, 16 740 адам жарақат алған. Жараланғандар саны бірнеше аптадан бері айтарлықтай өзгермегенімен, үйінділерді аршу және мәйіттерді сәйкестендіру жұмыстары жалғасқандықтан, қаза тапқандар саны артып келеді.
Сонымен қатар Венесуэла билігі із-түзсіз жоғалғандар туралы мәліметті 25 маусымнан бері жаңартқан жоқ. Сол кезде 157 адамның жоғалғаны хабарланған болатын. Ал азаматтық бастама негізінде құрылған Desaparecidos del Terremoto de Venezuela тізімінде қазіргі таңда шамамен 29 500 адамның нақты қайда екені белгісіз екені көрсетілген. Бұл мемлекеттік және қоғамдық деректер арасындағы үлкен айырмашылық төтенше жағдайды басқарудағы ең даулы мәселелердің біріне айналды.
Жер сілкінісі ел экономикасына да орасан зиян келтірді. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, тікелей материалдық шығын 19,6 млрд долларды құрады. Оның ішінде 9,3 млрд доллар тұрғын үй секторына, 5,2 млрд доллар ауруханалар, мектептер және басқа да мемлекеттік инфрақұрылым нысандарына, ал 5 млрд долларға жуығы коммерциялық және өнеркәсіптік ғимараттарға тиесілі.
Ресми мәлімет бойынша:
856 ғимарат зақымданған, оның 190-ы толық қираған;
17 907 отбасы баспанасыз қалған;
23 122 адам Каракас пен Ла-Гуайрада құрылған 107 уақытша лагерьде тұрып жатыр;
Төтенше жағдай басталғалы бері 128 324 отбасы мемлекеттік көмек алған.
Негізгі жер сілкінісінен кейін 1 405 афтершок тіркеліп, олардың бірқатары әлсіреген ғимараттарға қосымша қауіп төндірді.
Қазір іздестіру-құтқару жұмыстарының орнына үйінділерді тазарту мен қалпына келтіру кезеңі басталды. Билік бұл жұмыстардың бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін екенін мойындайды.
Ла-Гуайраның кейбір аудандарында электр энергиясы екі аптадан кейін қайта қосылғанымен, қалыпты өмір толық қалпына келген жоқ. «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы өңірде мобильді медициналық клиникалардың жұмысын жалғастырып, мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне қолдау көрсетіп жатыр.
Апат Венесуэладағы саяси өтпелі кезеңмен тұспа-тұс келді. Жыл басында бұрынғы президент Николас Мадуро ұсталғаннан кейін уақытша үкіметті Дельси Родригес басқарып отыр. Елде жаңа сайлаудың нақты күні әлі белгіленген жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, халықаралық көмектің ұйымдастырылуы, соның ішінде АҚШ қолдауымен Венесуэла активтерін бұғаттан шығару және басқа елдермен ынтымақтастық елді қалпына келтіру қарқынына елеулі ықпал етеді.
Айта кетелік Венесуэлада 7,1 балдық жер сілкінісі тіркелген еді.