Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5,2 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлада 24 маусымда болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5 208 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: REUTERS

Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің мәліметінше, табиғи апат құрбандарының саны тағы 89 адамға артқан.

Соңғы дерек бойынша, 16 740 адам жарақат алған.

Уақытша орналастыру орталықтарында 23 820 тұрғын қалып отыр. Ал 128 324 отбасыға гуманитарлық көмек көрсетілген.

Елдің ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жер сілкінісінен кейін өңірде 1 388 афтершок тіркелген.

Венесуэланың Қоршаған орта министрлігі ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра қаласының жағалау аймағын тазарту және қалпына келтіруге бағытталған «Экологиялық қалпына келтіру жоспарының» жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Бағдарлама аясында табиғи тепе-теңдік пен жағалау экожүйесін қалпына келтіру үшін өңірге тән өсімдік түрлері отырғызылады.

Қоршаған орта министрі Нельсон Родригестің айтуынша, жер сілкіністерінен кейін өңірде шамамен 2 млн 106 мың тонна құрылыс қалдықтары пайда болған. Бұл бағалау Венесуэла үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP) бірлескен модельдеу жұмыстарының нәтижесінде жасалған.

Еске салайық, бұған дейін Венесуэлада болған күшті жер сілкінісі Каракас қаласындағы тұрғын үйлерді қиратып, айтарлықтай шығын келтірген еді. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Кариб теңізі жағалауындағы Морон елді мекенінен батысқа қарай, Каракастан шамамен 168 шақырым қашықтықта орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 13 шақырым тереңдікте болған.

Сондай-ақ 1 шілдеде Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес жер сілкінісі құрбандарын аза тұту мақсатында елде жеті күндік ұлттық аза тұту жариялаған болатын.

Айта кетейік, осыған дейін Иранда екі рет жер сілкінді.