Оның мәліметінше, ауруханаларда 226 696 зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілген.
Іздеу-құтқару жұмыстары барысында 6462 адам үйінді астынан тірі табылған. Бұл көрсеткіш кемінде шілденің ортасынан бері өзгермеген. Ла-Гуайра жағалау штатында қаза тапқандардың денелерін үйінді астынан шығару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Сарапшылардың бағалауынша, хабар-ошарсыз кеткендер саны 10 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Жер сілкіністері салдарынан кемінде 190 ғимарат қираған. Биліктің мәліметінше, баспанасынан айырылғандарға тұрақты тұру үшін 335 орын берілді. AFP агенттігінің хабарлауынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 4 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
«Сейсмикалық дуплет»
Алдымен Венесуэлада магнитудасы 7,2 болатын жер сілкінісі тіркеліп, арада бір минут өтпей магнитудасы 7,5 екінші зілзала болған. Мұндай құбылыс «сейсмикалық дуплет» деп аталады.
24 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 18:00 шамасында болған алғашқы жер сілкінісінің эпицентрі Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласынан батысқа қарай 28 шақырым, Каракастан шамамен 168 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 13 шақырым тереңдікте болған.
Екінші жер сілкінісінің эпицентрі Мороннан 16 шақырым жерде, ал ошағы 10 шақырым тереңдікте тіркелген.
Зілзала салдарын жою үшін Венесуэла билігі Халықаралық валюта қорындағы өз ресурстарынан 346 млн доллар пайдаланған. Бұл туралы шілденің ортасында Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес мәлімдеген еді.
Ол 1 шілдеде жер сілкінісі құрбандарын еске алуға байланысты елде жеті күндік аза тұту жариялады. Сол кезде қаза тапқандардың ресми саны шамамен 2300 адам болған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Венесуэладағы қос жер сілкінісінен кейін бір ай өткендегі дерекке сәйкес қаза тапқандар саны 5,5 мыңнан асқанын жаздық.