Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі салдарынан құрбан болғандар саны 5,3 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлада болған жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 5 398 адамға жетті. Мыңдаған тұрғын жарақат алып, баспанасыз қалды, деп хабарлайды ресейлік ТАСС .

Фото: EFE

Бұл туралы ел Ұлттық ассамблеясының (парламент) төрағасы Хорхе Родригес өзінің Telegram арнасында мәлімдеді.

Ол жариялаған үкіметтің күнделікті мәліметіне сәйкес, табиғи апат салдарынан 16 740 адам жарақат алған. Тағы 17 907 тұрғын баспанасынан айырылған.

Жер сілкінісі салдарынан 190 ғимарат толық қирады. Ал 856 нысанға елеулі зақым келген.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 6 462 адам аман-есен құтқарылды. Медициналық мекемелерде 44 298 адамға ем көрсетілді.

Мемлекет тарапынан 128 324 отбасыға көмек берілді. Уақытша ұйымдастырылған 107 лагерьге 23 335 адам орналастырылды. Зардап шеккен тұрғындарға жалпы көлемі 10 964 тоннадан астам азық-түлік жеткізілді.

Еске сала кетейік, Венесуэлада болған қуатты жер сілкінісі салдарынан Каракас қаласында тұрғын үйлер қираған болатын.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі елдің Кариб теңізі жағалауындағы Морон елді мекенінен батысқа қарай, ал Каракастан шамамен 168 шақырым батыста орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 13 шақырым тереңдікте тіркелді.

1 шілдеде Венесуэла Президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес жер сілкінісі құрбандарын аза тұту мақсатында елде жеті күндік ұлттық қаралы күн жариялаған еді.