Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен мерт болғандар саны 5 346 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Венесуэлада 24 маусымда болған жойқын жер сілкіністерінен қаза болғандар саны 5 346 адамға жетті. Билік көз жұмғандардың аты-жөндерін анықтау мен із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: АР

Бұл туралы Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы мәлімет бойынша көз жұмғандар саны тағы 68 адамға артып, 5 346-ға жеткен. Ал жарақат алғандар саны 16 740 адамды құрады.

Елдің ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Венесуэла үкіметі жер сілкінісінен қаза тапқандардың аты-жөндерін анықтау үшін еріктілерден ДНҚ үлгілерін тапсыруды сұрады.

Елдің Сот медицинасы және криминалистика ұлттық қызметі (Senamecf) мен Ішкі істер министрлігі таратқан бірлескен мәлімдемеде жақындары апаттан ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра штатында немесе астана Каракастағы Белло-Монте мәйітханасында болуы мүмкін деп есептейтін азаматтарды ДНҚ үлгілерін тапсыруға шақырды.

Әзірге Венесуэла билігі із-түзсіз жоғалғандардың ресми санын жариялаған жоқ.

Жер сілкінісінен кейін хабар-ошарсыз кеткен адамдар туралы мәліметтер тіркелетін Desaparecidos Terremoto Venezuela («Венесуэладағы жер сілкінісінен кейін із-түзсіз жоғалғандар») азаматтық бастамасының сайтында 29 500 адамның із-түзсіз кеткені көрсетілген.

Еске салайық, бұған дейін Венесуэлада болған қуатты жер сілкінісі салдарынан Каракас қаласында тұрғын үйлер қираған еді. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметіне сәйкес, жер сілкінісінің ошағы елдің Кариб теңізі жағалауындағы Морон елді мекенінен батысқа қарай, Каракастан шамамен 168 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 13 шақырым тереңдікте тіркелген.

1 шілдеде Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес жер сілкінісі құрбандарын аза тұту үшін елде жеті күндік ұлттық қаралы күн жариялаған болатын.

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5,2 мыңнан асты.