Ветеринарияның өзекті мәселелерін қайткенде шеше аламыз

Фото: Ғайса Әбсатировтың жеке архивінен

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ветеринария саласындағы көкейкесті мәселелер қандай, оларды қалай шеше аламыз? Міне, осы орайда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Әбсатиров өз пікір-пайымын білдірді.

— Ғайса Ғарапұлы, малдың арасында жұқпалы аурулардың таралуы жөнінде не айтар едіңіз? 

— Жұқпалы дерттер әр түрлі елдерде кең таралған. Қазіргі уақытта әлемде жануарлардың 500-ге жуық жұқпалы ауруы тіркелсе, соның 200-і зооноздар деп аталады. Яғни бұлар — жануарлар мен адамдарға ортақ кеселдер. Қазақстанда 80-ге жуық жұқпалы ауру кездессе, соның біразы паразитарлық аурулар. Әсіресе, аса қауіптілерінен сібір жарасы, құтыру, қарасан, бруцеллез, құс тұмауы, аусылды айтуға болады. Кейбір жерде туберкулез де анықталады. 

Мысалы, 2025 жылы сібір жарасы Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Атырау облыстарында тіркелді. Бұл дерт адамдарға да жұқты. Мұның негізгі себептері — ауру малды ветеринарлық тексерусіз мәжбүрлі сою. Екіншіден, ауыл шаруашылығы жануарларын аулада бақылаусыз сою да кесірін тигізеді. Үшіншіден, тұрғындардың етті, ауырған малды базарлар мен басқа да стихиялық сауда нысандарында ветеринариялық анықтамасыз өткізуі жұқпалы кеселдің таралуына себепші болады.

— Құтыру бойынша қазіргі жағдай қалай?

— Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметіне қарағанда, соңғы он жылда (2015-2024 жылдар) Қазақстанда 25 адамның құтыру ауруын жұқтырғаны тіркелген. Биыл осы аса қауіпті дерт Қостанай, Маңғыстау, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Соның салдарынан Қостанай мен Маңғыстау облысында екі адам құтырудан қайтыс болды. Бруцеллезден де Қазақстанның індеттік жағдайы мәз емес. Жыл сайын 30 мыңнан астам ірі қара мал бруцеллезге байланысты мәжбүрлі союға ұшырайды. Ауру мал жұқтырудың негізгі көзі болғандықтан, елде 500-ге жуық адам бруцеллезбен қайта сырқаттанады.

Өңірлерде қарасан жиі тіркеледі. Аусылдың таралуына байланысты Қазақстан бұл кеселден таза аймақ мәртебесін жоғалтты. Есепке алудың болмауына байланысты паразиттік аурулар назардан мүлдем тыс қалады. Әсіресе, эхинококкоз, описторхоз, финоз сияқты паразиттік дерттер адамдар арасында жиі кездеседі.

Өкінішке қарай, ресми статистикада көрсеткіштердің айтарлықтай төмендетілетінін атап өткен жөн. Мысалы, үш жыл ішінде республикалық ветеринариялық зертхана аса қауіпті ауруларды жұқтырудың 150 мың дерегін анықтаса, соның тек 875-і ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің статистикасында көрсетілген. 

Фото: Нелли Нигматулина/ Kazinform

— Ендеше, мұның қалай алдын алуға болады, вакциналардың тиімділігі қандай?

— Жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы вакциналау — аурулардың алдын алудың негізі. Вакцинация уақтылы және сапалы препараттармен жүргізілуі керек. Біздің Қазақстанда биоөндіріс сияқты сала жоқ. Бір кездері өз республикамыз ғана емес, басқа мемлекеттерді де биопрепараттармен қамтамасыз еткен Алматы биологиялық комбинаты болған. 

Бүгінде вакциналар өндірісімен түрлі ғылыми-өндірістік құрылымдар айналысады. Дегенмен, көптеген препараттардың сапасы нақты іспен айналысатын ветеринарларды қанағаттандырмайды. Өйткені вакцинацияланған жануарлар арасында аурулар пайда болады. Тағы бір мәселе, ветеринарларды препараттармен уақтылы қамтамасыз етпеу.

Аталған мәселені шешу үшін вакцинацияның технологиялық картасын әзірлеу қажет. Сапасыз вакцина анықталған жағдайда өндірушіге мақұлдамау (рекламация) берілуі керек. Вакцинаның сапасын бақылауды тәуелсіз ұйым жүргізеді, бірақ бізде мұндай құрылым жоқ. Кейбір жағдайларда мұндай бақылауды Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық жүргізеді, бірақ ол әрқашан объективті баға бере алмайды. Себебі бұл мекеме Ауыл шаруашылығы министрлігі мен сондағы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қарамағында.

— Тағы бір өзекті мәселе, кадр тапшылығын қалай шешуге болады?

— Қазақстанда 11 ЖОО мен 30-дан астам колледждің ветеринария мамандарын даярлап жатқанына қарамастан, кадрлар тапшылығы шешілмей отыр. Тіпті күрделеніп бара жатыр деп айтуға болады. Оқу орындарына жыл сайын көптеген мемлекеттік грант бөлінеді, бірақ олар толық игерілмейді. Жыл санап ауыл жастары үшін квота саны көбейіп келеді. Мұндағы басты кілтипан жастардың ветеринарлық мамандыққа қызықпауында дер едік. Неліктен бұлай? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ветеринар мамандардың жалақысы мардымсыз, кәсіптік қызметін атқаратын өндірістік жағдай жасалмаған. Елді мекендердің көпшілігінде жануарларды қамайтын немесе өткізетін орын, бекітетін тиісті құрал-жабдықтар жоқ. Ветеринарлар мал иелерінің аула-қораларын аралап жүруге мәжбүр. Сонымен қатар ветеринарлық манипуляция өткізу (қан алу, вакцина және басқа дәрі-дәрмек егу) кезінде жануарларды өздері ұстап, тіркейді. Екіншіден, мамандардың жұмыс режимі нормаланбаған. Сондай-ақ бір ветеринарға жануарлар санына қарай қызмет көрсету жүктемесі жоқ. Үшіншіден, мал дәрігерлері өздеріне тән емес қызметтер — бұралқы ит-мысықтарды аулаумен айналысады. Жұмыс барысын цифрландыру нашар, сондықтан олар қағаз құжаттарды рәсімдеуге біраз уақытын жұмсайды.

Фото: Ғайса Әбсатировтың жеке архивінен

— Өзіңіз көптен бері жоғары оқу орындарында қызмет етіп келе жатқан ғалымсыз, осы орайда ветеринар мамандарды даярлауды жетілдірудің жолдары қандай?

— Бұл үшін, меніңше, ең алдымен мамандарды мақсатты даярлауды жолға қою қажет. Мұның мәні неде екенін түсіндіріп көрейін. Қазіргі таңда ҰБТ кезінде медицина, педагогика, биотехнология секілді мамандықтарға балдары жетпеген түлектер ветеринарияны таңдайды. Оның үстіне ветеринария мамандығын оқытатын ЖОО шекті балды 50-ге дейін төмендетті. Соның кесірінен мамандыққа ынтасы жоқ жастар оқуға түседі. Бес жыл шәкіртақыға қоса қалай-солай білім алып, бітіріп шыққанмен, ауылға қызметке бармайды. Диплом алған соң басқа мамандықты таңдап, 2 жыл қаржысын төлеп оқып, ветеринариямен қоштасады. Міне, мақсатсыз оқудың соңы осыған соқтырады. 

Мұны шешудің бір жолы, шаруа қожалықтары, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер өздеріне ветеринария мамандарын даярлауы қажет. Ол үшін студент кезінен бастап шарт жасау арқылы болашақ мамандарына көмек көрсетіп, шәкіртақысын беріп, өндірістік машықтан өткізуі, басқа да іс-шаралармен ынталандырғаны жөн. Күні бүгін білім алып жатқан студенттерде өндірістік машық (практика) өте аз, оны өткізетін орындар тапшы. Шаруашылықтардың көбінде студенттерді қабылдап, практикадан өткізетін (жататын орын, тамақтану, тұрмыстық жағдайын ұйымдастыру) халдері жоқ.

Қорыта айтқанда, ветеринария саласының қордаланған мәселелерін бүгін шешпесек, жағдай болашақта бұдан да күрделеніп кетуі ықтимал. Сондықтан тиісті іс-шараларды ел көлемінде жүзеге асырған еш артықтық етпейді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын пастереллезден мыңдаған құстың қырылуына кім кінәлі екенін жазған болатынбыз.