Вьетнамда 6,8 млн доллардың контрафактілік тауары тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнамның ең ірі қаласы Хошиминде 2026 жылдың он айында контрафактілік, контрабандалық және шығу тегі белгісіз тауарларды сатуға қатысты 6 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды VNA .

Фото: VNA

Қалалық өнеркәсіп және сауда департаментінің мәліметінше, мамандар осы кезеңде 6 357 тексеру жүргізіп, 6 069 заңбұзушылық бойынша шара қабылдаған.

Тексеру барысында жалпы құны 174 млрд донгтан асатын (шамамен 6,78 млн доллар) 6 миллионнан астам тауар тәркіленді. Айыппұлдар мен бюджетке түскен басқа да түсімдердің сомасы 106 млрд донгтан асты.

Заңбұзушылықтардың басым бөлігі шығу тегі белгісіз өнімдерді сатуға қатысты болған. Сонымен қатар контрафактілік тауарларды сату бойынша 2 мыңнан астам, контрабандалық өнімдерді өткізу бойынша 263 дерек тіркелді.

Билікті әсіресе интернет арқылы жалған өнімдердің таралуы алаңдатып отыр. Сатушылар жалған аккаунттарды пайдаланып, байланыс деректерін жиі өзгертеді және тауарларды бөлек қоймаларда сақтайды. Бұл тексеру жұмыстарын қиындатады.

2027 жылғы Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл қарсаңында билік азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім және косметика саудасына, сондай-ақ интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы сатылатын тауарларға бақылауды күшейтеді.

Бұған дейін Жамбыл облысында Apple, Puma және Hugo Boss брендтерінің контрафактілік өнімдері тәркіленгені хабарланған еді.