Apple, AirPods, Puma: Жамбылда 500-ден астам жалған тауар тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында тауар белгілерін заңсыз пайдалануға қатысты тексерулер әкімшілік істердің қозғалуына және жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асатын айыппұл салуға әкелді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.
2026 жылдың тоғыз айында өңірде заңсыз айналымнан 504 контрафакт өнім тәркіленді. Тауарлардың жалпы құны шамамен 2 млн теңгеге бағаланды.
Облыстық Әділет департаментінің мәліметінше, заңбұзушылықтар Apple, iPhone, AirPods, Splat, Hugo Boss және Puma тауар белгілерін пайдалануға қатысты болған. Жоспардан тыс тексерулерге тауар белгілерінің құқық иелерінің өкілдері берген өтініштер негіз болған.
Жалпы 16 тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 16 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот барлық істі қарап, жалпы сомасы 1 531 050 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тәркіленген өнім саны едәуір артқан. 2025 жылдың тоғыз айында заңсыз айналымнан 403 тауар алынған. Олардың құны шамамен 1,56 млн теңге болған.
Бұған дейін Шымкентте танымал брендтердің атауымен құрылыс қоспаларын заңсыз өндіретін жасырын цех анықталған еді. Тексеру кезінде 860-тан астам қап өнім тәркіленді.
Сондай-ақ Шымкентте «Toyota» және «Lexus» тауар белгілері бар контрафактілік мотор майын заңсыз сатудың жолы кесілгенін жазған болатынбыз.