- Маңызды мәселенің бірі – теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарын уақтылы аяқтау. Мұны әлеуметтік жоба деп айтуға болады, өйткені ол жолаушылар инфрақұрылымын жақсартуға, халыққа жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды. Әкімдер нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуі керек. Туындаған мәселелер бірден шешімін табуға тиіс, - деді О. Бектенов.
Осы орайда Үкімет басшысы мердігер ұйымдармен бірге нысандардағы жұмыс күші мен техникалық құралдарды көбейтуді тапсырды.
- Қайта жаңартылған 30 вокзал 1-ші шілдеге қарай алғашқы жолаушыларды қабылдауға тиіс. Астана, Алматы және Түркістанның тарихи вокзалдарындағы реставрациялау жұмыстарынан басқа, қалған вокзалдар бойынша жұмыстар 1-ші қазанға қарай аяқталуы қажет, - деді Премьер-министр.
Бұған дейін еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал жөнделіп жатқанын жазған едік.