АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Атырау» мен «Буревестник» алаңға шықты.
Осыған дейін алматылықтар 29 ұпаймен бесінші орында тұрса, атыраулықтар алтыншы сатыда еді.
Бұдан бұрын біріншілік барысында «Атырау» алматылық клубты 3:2 есебімен ұтқан болатын.
Бұл жолы Ислам Жұмабековтің шәкірттеріне үш партия жеткілікті болды – 3:0 (25:17, 25:19, 25:22).
Осылайша, 28 ұпай жинаған атыраулықтар «Буревестникке» (бас бапкері Игорь Никольченко) жақындай түсті.
Үшінші тур қорытындысы бойынша «Атыраудан» ресейлік Иван Никишин, алматылықтардан Орал волейболының түлегі, 41 жастағы либеро Қайрат Байбеков үздік ойыншы атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Павлодар» клубының «Есілден» айласын асырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).