Волейбол: «Павлодар» клубы «Есілден» айласын асырды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Павлодар» мен «Есіл» өзара мықтыны анықтады.

Сергей Грибов жаттықтыратын павлодарлықтар өткен жылы күміс жүлдегер атанған еді.
«Павлодар» бұдан бұрын солтүстікқазақстандық клубты екі рет 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Бұл жолы да сол есеп қайталанды – 3:1 (25:20, 23:25, 25:19, 25:14).
Осы ойыннан кейін павлодарлықтар 31 ұпаймен төртінші орынға көтерілді.
«Жетісу» өз алаңында көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетаудың» 3:0 (25:17, 25:18, 25:16) есебімен меселін қайырып, 34 ұпаймен бұрынғыша үздік үштікті түйіндеп тұр.
Сәрсенбі, үшінші турдың соңғы күні «Буревестник» - «Атырау», «Павлодар» - «Ұшқын-Көкшетау», «Тараз» - «Есіл», «Жетісу» - «Ақтөбе» командалары кездеседі.
Көш басында келе жатқан Оралдың «Жайығы» үшінші турды аяқтады. Осы турдың қорытындысы бойынша батысқазақстандық клубтан Борис Кемпа үздік деп танылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдың «Жайығы» 15 кездесуден кейін жеңіліс тапқанын жазған болатынбыз.