ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Атырау» мен «Тараз» кездесті.
Осының алдында Юрий Башкатов жаттықтыратын тараздықтар биыл жақсы қарқын алған «Буревестникті» 3:1 есебімен ұтқан еді. Сөйтіп «Тараз» тоғыз жеңіліс сериясын үзгендей болған.
Бұл жолы атыраулықтар камбэк жасап, ел чемпионын тізерлетті – 3:1 (21:25, 25:15, 25:21, 25:23).
Осылайша, 25 ұпай жинаған Ислам Жұмабековтің шәкірттері турнир кестесінде 6-орынға көтерілді.
«Тараз» 20 ұпаймен 7-сатыда қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тараздың» Алматының «Буревестнигін» қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).