АСТАНА. KAZINFORM — Талдықорғанда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының III турында «Павлодар» мен «Атырау» өзара мықтыны анықтады.
Павлодарлықтар өткен жылы күміс жүлдегер атанса, атыраулықтар төртінші орынға табан тіреген еді.
Биыл қос команда да ала-құла ойын өрнегін көрсетуде. Бұл жолы Ислам Жұмабеков баптайтын атыраулықтар 3:2 (29:27, 20:25, 20:25, 25:23, 15:12) есебімен басымдылық танытты.
«Павлодар» 28 ұпаймен 5-орында қалса, «Атырау» (22 ұпай) 6-сатыда тұр.
Алаң иелері «Жетісу» СҚО-ның «Есілінен» 3:1 (22:25, 25:23, 25:22, 25:19) есебімен айласын асырып, 31 ұпаймен үздік үштікке қайта кірді.
«Жайық» (Орал) 46 ұпаймен көш бастаса, «Ақтөбе» (35 ұпай) екінші орында келеді.
Дүйсенбіде командалар бір күн демалады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тараздың» Алматының «Буревестнигін» қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).