ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының екінші туры Алматының «Буревестник» клубы үшін сәтті өтті.
Игорь Никольченконың шәкірттері барлығы алты кездесу өткізіп, соның бесеуінде қарсыластарын қапы қалдырды.
Алматылықтар «Атырауға» ғана тартысты матчта 2:3 есебімен есе жіберді.
Соңғы турда «Буревестник» көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетаумен» кездесті. Бірінші партияда алматылықтар айқын басымдық көрсетті – 25:14. Екінші сетте көкшетаулықтар таразы басын теңестірді – 25:19. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді – 20:25, 17:25.
Осылайша, «Ұшқын-Көкшетауды» 3:1 есебімен жеңіп, ұпай санын 22-ге жеткізген алматылық команда онлайн турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді. Оны «Жайықпен» (Орал) өтетін соңғы ойында ұпай алса, павлодарлықтар басып оза алады.
Екінші турда «Буревестниктен» Сергей Резанов, «Ұшқын-Көкшетаудан» ресейлік Кирилл Власов үздік ойыншы болып танылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Атырау» волейбол клубының екінші турды жеңіспен аяқтағанын жазған болатынбыз.
Cондай-ақ волейболдан ел чемпионатында «Ақтөбе» екінші орынға көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).