ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатының бірінші турының соңғы күні күтпеген нәтиже тіркелді.
Ұлттық лигаға алғаш рет қосылған Оралдың «Грация KZ» командасы (бас бапкері Айна Ғұбашева) бұған дейін жалғыз-ақ ұпаймен 9-орында тұрған еді.
Ал үш матчта жеңіске жеткен «Ару-Астана» 6-сатыға табан тіреген болатын. Бірақ өзара кездесуде сәтті ойнаған оралдықтар астаналықтарды 3:0 (25:22, 25:17, 25:23) есебімен ұтып, бастапқы үш ұпайына ие болды. Сөйтіп 8-орынға көтерілді.
Бірінші тур барысында Өскеменнің «Береліне» ғана 2:3 есебімен ұтылған «Жетісу» клубы «Алматымен» бәсекеде қиналған жоқ – 3:0 (25:15, 25:10, 25:14). Сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері 19 ұпаймен көш басына шықты. Бірақ оларды бүгін «Ақтөбені» ұтса, «Берел» қуып жетеді.
«Қарағанды» командасы екінші рет қатарынан жеңіліске ұшырады. Бұл жолы олар «Қуанышқа» (СҚО) жол берді – 0:3 (26:28, 15:25, 14:25). Солтүстікқазақстандықтар 15 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тұранды» жеңген «Берелдің» бірінші орынға көтерілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).