АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты төртінші үлкен турында бүгін «Жетісу» мен «Атырау» алаңға шықты.
Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келе жатса, атыраулықтар (бас бапкері Игорь Никольченко) Оралдың «Жайығымен» үшінші-төртінші орынды бөлісіп тұрған еді.
Жанкүйерлер тартысты ойын күткенімен, «Жетісу» матчты үш партияда бітірді – 3:0 (25:22, 25:17, 25:21). Осылайша, қатарынан бес бәсекені жеңіспен аяқтаған талдықорғандықтар ұпай санын 68-ге жеткізді.
Өткен жылғы ел чемпионы «Жайық» клубы да кезекті үш ұпайын алды. Виктор Козиктің шәкірттері «Таразды» 3:0 (29:27, 25:16, 25:23) есебімен тізе бүктірді.
Оралдықтар 56 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан төртінші турдың алғашқы күні фавориттер жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).