Волейбол: «Қуаныш» клубы өз алаңында «Берелден» ұтылып қалды

Фото: “BEREL VC” волейбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты төртінші үлкен турының ойындары өтіп жатыр.

Төртінші турдың екінші күні орталық матчта «Қуаныш» (СҚО) пен «Өскемен» командалары кездесті.

Осыған дейін Юрий Панченко жаттықтыратын солтүстікқазақстандық клуб 66 ұпаймен екінші орында тұрса, өскемендіктер (55 ұпай) үшінші сатыда еді. 

Бұл жолы сәтті ойнаған сербиялық маман Владимир Васовичтің шәкірттері 3:0 (25:21, 25:20, 25:21) есебімен жеңіске жетті.

Талдықорғанның «Жетісуы» (бас бапкері Марко Гршич) қамшы салдырмай, 76 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келеді. Талдықорғандықтар алдымен «Астананы» 3:0 (25:12, 25:17, 25:19) есебімен ұтса, кеше «Қарағандыны» қапы қалдырды – 3:0 (25:21, 25:20, 25:18). 

Төртінші тур ойындары 23 наурызда аяқталады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының чемпионат басталғаннан бері ұпайдан шашау шығармай келе жатқанын жазған болатынбыз.