АСТАНА. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Қуаныш» (СҚО) пен «Қарағанды» кездесті.
Жексенбі күні «Ақтөбені» ұтқан алаң иелері үшінші орынға көтерілген еді.
Азамат Есімовтің шәкірттері бұл жолы өздерін өкшелеп келе жатқан «Қарағандыны» 3:0 (25:20, 25:21, 25:21) есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, 37 ұпаймен үшінші орынға нық жайғасты. Қарағандылықтар 33 ұпаймен төртінші сатыда қалды.
Көш басындағы «Берел» (Өскемен) мен «Жетісу» (Талдықорған) жеткізе қоймас, дегенмен «Қуаныштың» енді үздік үштіктен шықпауына мүмкіндіктері толық жетеді.
Сейсенбі күні «Жетісу» — «Астана», «Берел» — «Қарағанды», «Ертіс» — «Грация KZ», «Тұран» — «Ақтөбе», «Қуаныш» — «Алматы» командалары қай мықтыны анықтайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Берел» мен «Жетісу» командалары алда келе жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).