ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында үш команда жеңіліссіз келеді.
Бейсенбі күні «Берел» (Өскемен) «Алматыдан» 3:1 (25:11, 25:11, 23:25, 25:8) есебімен айласын асырды.
Сол секілді «Жетісу» (Талдықорған) Оралдың «Грация KZ» командасын оңай жеңді – 3:0 (25:7, 25:13, 25:10).
Алаң иелері «Қуаныш» клубы «Ару-Астананы» қапы қалдырды – 3:0 (25:20, 25:15, 25:11).
Осылайша, талдықорғандықтар ұпай санын 50-ге жеткізді. 17 матчта қарсыластарын ұтқан өскемендіктердің еншісінде 48, «Қуанышта» 43 ұпай бар.
Жұма күні орталық кездесу «Жетісу» мен «Қуаныштың» арасында өтеді. Сондай-ақ «Алматы» - «Ақтөбе», «Ару-Астана» - «Тұран», «Ертіс» - «Қарағанды», «Грация KZ» - «Берел» өзара шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тұранның» қарағандылық клубты қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).