Волейбол: «Тұран» қарағандылық клубты қапы қалдырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының ойындары қайта жалғасты.

Бір күндік үзілістен кейін алаңға алғашқы болып «Тұран» (Түркістан) мен «Қарағанды» клубтары шықты.
Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандықтар өткен жылы өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанса, қарағандылықтар осы біріншілікті сәтті бастаған еді.
Алайда Нұрлан Садықовтың шәкірттері мықты командаларға тап болған кезден-ақ жүрісінен жаңыла бастады.
Осыған дейін қарағандылықтар 33 ұпаймен төртінші сатыда тұрса, «Тұран» бесінші орында еді.
Біршама тартысты өткен ойында түркістандықтар 3:0 (26:24, 25:23, 26:24) есебімен жеңіске жетіп, 34 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.
Бүгін сондай-ақ тағы төрт матчтың нәтижелері белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Грация KZ» командасының Павлодардың «Ертісінен» басым түскенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ ел чемпионы «Тұран» командасы «Ақтөбеден» басым түсті.