Волейбол: «Грация KZ» Павлодардың «Ертісінен» басым түсті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары жалғасып жатыр.

Волейбол: «Грация KZ» Павлодардың «Ертісінен» басым түсті
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Біріншілікте «Жетісу» (Талдықорған) мен «Берел» (Өскемен) командалары басқа ешкімге дес берер емес.

Бүгін талдықорғандықтар «Ару-Астана» командасын 3:0 (25:14, 25:6, 25:12) есебімен ойсырата ұтты. Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісудың» есебінде 47 ұпай бар. 

Өскемендіктер біршама тартысты өткен матчта «Қарағанды» клубын 3:1 (25:19, 22:25, 30:28, 25:19) есебімен тізе бүктірді. Осымен 16 ойында жеңіске жеткен Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері ұпай санын 45-ке жеткізді. 

Оралдың «Грация KZ» командасы (бас бапкері Айна Ғұбашева) кеше бес сетке созылған бәсекеде астаналықтарға есе жіберген еді. Бүгін оралдық қыздар Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:19, 25:20, 25:15) есебімен жеңді. Бұдан кейін 11 ұпай жинаған батысқазақстандық команда 9-сатыда тұр. Плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу үшін ұпай қорын толықтыра түсу қажет-ақ. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қуаныштың» өз алаңында «Қарағандыны» тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар