АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында волейболдан өтіп жатқан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының төртінші турында жексенбі күні орталық матч «Павлодар» мен «Тараз» арасында болды.
Кеше екінші орындағы тараздықтар өзін өкшелеп келе жатқан «Жайықты» 3:0 есебімен ұтқан еді.
Бүгін «Тараз» ел чемпионы «Павлодар» командасымен алаңға шықты. Тараздықтар 3:1 (25:23, 22:25, 25:18, 25:15) есебімен жеңіске жетті.
Турнир кестесінде павлодарлықтар 52 ұпаймен бұрынғыша көш бастаса, «Тараз» (48 ұпай) бір табан жақындай түсті.
Үшінші орындағы «Жайық» (41 ұпай) бүгін «Ақтөбеге» 1:3 (28:30, 20:25, 25:22, 20:25) есебімен есе жіберді. Оралдықтар чемпионат барысында осымен ақтөбеліктерден екінші рет жеңіліп отыр.
Төртінші сатыдағы «Есіл» (СҚО, 32 ұпай) күтпеген жерден «Жетісу жастарына» жол берді – 0:3 (21:25, 24:26, 21:25).
«Атырау» «Ұшқын-Көкшетаудан» 3:0 (25:22, 25:22, 25:13) есебімен айласын асырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтөбеде волейболдан ерлер арасында ел чемпионатының төртінші туры басталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).