АСТАНА. KAZINFORM — Көкшетау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты төртінші үлкен турының ойындары басталды.
Алғашқы күні ТОП-4-ке кіретін командалардың бәрі жеңіске жетті.
Алдымен «Ақтөбе» клубы «Таразды» 3:0 (25:21, 25:18, 30:28) есебімен тізе бүктірді. Содан кейін «Жетісу» (Талдықорған) «Есілден» (СҚО) айласын асырды — 3:0 (25:16, 25:17, 25:20).
«Атырау» Алматының «Буревестнигін» 3:0 (25:21, 25:17, 25:19) есебімен ұтты. Сондай-ақ «Жайық» (Орал) алаң иелері — «Ұшқын-Көкшетауды» қапы қалдырды — 3:0 (25:20, 25:22, 25:17).
Турнир кестесінде талдықорғандықтар 65 ұпаймен көш бастаса, «Ақтөбе» (58 ұпай) екінші орында. Үшінші-төртінші сатыдағы «Жайық» пен «Атыраудың» 53-тен ұпайы бар.
Жұма күні орталық кездесу «Жетісу» мен «Атыраудың» арасында өтпек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының чемпионат басталғаннан бері ұпайдан шашау шығармай келе жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).